
Бүгін С.Асфендияров атындағы КазҰМУ-де ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен дөңгелек үстел болып өтті. Онда ҚР Парламенті сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы берген тапсырмалар тұрғысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің өзекті мәселелері, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы жекеменшік ұйымдар үшін кедергілерді азайту, қайта реттеу мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшелері, қауымдастықтардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық денсаулық сақтау палатасының, медицина университеттерінің өкілдері, Ұлттық орталықтардың, Ғылыми-зерттеу институттарының, жекеменшік медицина ұйымдарының, ҮЕҰ, Денсаулық сақтау басқармаларының, Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің аумақтық департаменттерінің, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің, Фармация комитетінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Парламенті депутаттарының, «Атамекен» ҰКП, халықаралық сарапшылардың, бизнес өкілдерінің, оның ішінде жекеменшік медицина ұйымдарының, медицина қоғамдастығының, жұмыс берушілердің, кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен МӘМС енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған бірқатар жиындар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, осы шараларға қатысушылар түрлі ұсыныстар айтқан болатын.
Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің алғышарттарына қайта орала отырып, ҚР ДСМ Жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиев халық санының, инфекциялық емес аурулардың, жаңа медициналық технологиялар құнының өсуінен денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындардың артуы МӘМС жүйесін енгізуге негізгі себеп болғанын баса айтты.
Осыған байланысты денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындардың одан әрі артатындығы болжануда. Өйткені, КТМКК көрсетуге атаулы шығындар көлемі 209 млрд. теңгеден (2006 ж.) 884 млрд. теңгеге (2016 ж.) дейін 4 еседен аса өскеніне қарамастан, жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысты шығындар деңгейі 2009 жылғы 2,6%-дан 2016 жылы 1,9%-ға дейін төмендеген жағымсыз үрдіске ие.
Соның салдарынан, бүгінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландыру жеткіліксіздігі 540 млрд. теңгені немесе мұқтаждықтың 38%-ын құрайды.
«Стационарлық медициналық көмек, оның ішінде жоғарытехнологиялық медициналық қызметтер 61 млрд. теңгеге, консультативтік-диагностикалық қызметтер – 51 млрд. теңгеге, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету – 41,9 млрд. теңгеге, онкология қызметі – 37 млрд. теңгеге жеткіліксіз қаржыландырылған, сапалық тұрғыда оң өзгерістер болуы үшін негізгі құралдарды жаңарту және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік деңгейін көтеру мақсатына қосымша 316 млрд. теңге қажет», - деп атап өтті Т.Сұлтанғазиев.
Осыны ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылдан бастап МӘМС жүйесін енгізу бойынша үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Заңнамалық актілер қабылданды, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, қызмет істеуде, МӘМС ақпараттық жүйесін құру мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар атқарылып, 2018 жылға медициналық қызметтер сатып алу шаралары бойынша дайындықтар жасалуда. Халық арасында кең ауқымда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Әлеуметтік мәртебені анықтау (оның ішінде үй аулаларын аралау жолымен) жөнінде жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 2,7 млн. адам – ресми емес жұмыспен қамтылған тұрғындар бары анықталды, олардың ішінде 1,4 млн. жуығы өнімсіз өзін-өзі қамтығандар, 300 мыңға жуығы тіркелмеген жұмыссыз азаматтар, олар сақтандырылмай қалуы мүмкін, және бұл белгілі бір дәрежеде реформаға әлеуметтік күш түсіріп, жағымсыз жағдай тудыруы мүмкін», - дейді ҚР ДСМ Жобаларды басқару департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиев.
Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін енгізу жөніндегі шаралар аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарын өзекті ету және біріктіру, тұрғындардың барлық санаттарын, оның ішінде әлеуетті сақтандырылмаған азаматтарды анықтап, бірыңғай деректер қорының санағына алу жұмыстарын ары қарай да жалғастыра бермек.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта МӘМС енгізу жөніндегі жұмыстар бірнеше бағытта жалғасын табуда:
біріншіден, жаңа Салық кодексінің жобасындағы ұсыныстар ескеріліп, бизнестің салық жүктемесінің артуына жол бермеу мақсатында, әлеуметтік салық мөлшерлемесін (әлеуметтік сақтандыруға жіберілетін аударымдар есебінен) 2025 жылға дейін 1,5%-ға азайту қарастырылған;
екіншіден, тарифтік саясатты жетілдіру негізінде КТМКК мен МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек тізбелерімен жұмыс жүргізілуде;
үшіншіден, медициналық ұйымдар арасында бәсекелестікті дамыту үшін 2016 жылдан медициналық ұйымдардың бәсекелестігін арттыруға бағытталған жұмыстар басталды;
төртіншіден, ерікті медициналық сақтандыру секторын арттыру әлеуеті сақталуда. КТМКК-тің оңтайландырылған тізбесі мен баламалы тарифтік саясат мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің, жекеменшік медицинаның және ерікті медициналық сақтандырудың одан әрі дамуына жағдай жасайды;
бесіншіден, МӘМС жүйесін басқарудың ашықтығын (жариялылығын) қамтамасыз ету. Бұған Қор қызметін корпоративтік басқарудың, мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың ең үздік стандарттарын енгізу арқылы қол жеткізуге болады.
Жекеменшік медициналық бизнес өкілдерінің пікірінше, тұрғындардың барлығына бірдей қолжетімді және тең дәрежеде медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз ететін және еліміздегі медициналық қызмет нарығының дамуына мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін енгізу шараларын жалғастыру қажет. Олардың ойынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қаражатты басқаруда ашықтық және консервативтік үдерістер сақталған жағдайда, қажетті қаражат жиналуы үшін жұмыс берушілердің аударымдарын жалғастыра беру керек.
Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін енгізу мәселелерін сарапшылар қауымымен талқылауды жалғастыруда.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бизнес үшін кедергілерді азайту мәселелерін де қарастырды.
Биылғы жылдың 8 айында Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау объектілеріне арналған санитарлық ережелердің 29 ескірген және бірін-бірі қайталайтын талаптарының күшін жойды. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің келтірген деректері бойынша тексеру парақтарының талаптары 6,3 есеге қысқарған, 11 мың бағалау талаптарының орнына қызметтер мен азық-түліктер қауіпсіздігіне әсер ететін 1740 талап сақталған. ҚДСК ақпараттарына сүйенсек, 4390 дәріхана бақылаудан шығарылып, 400-ден аса лабораториялар мен 1500 денсаулық сақтау объектілері тексерістен босатылған.
Объектілерді жоғары эпидемиялогиялық маңызды топтан жеңіл эпидемиялогиялық маңызды топқа ауыстыру есебінен бизнестегі тексерістер саны 1,7 есеге, ал рұқсат беру құжаттарының (санэпидқорытындылар) саны 12,5%-ға қысқарды.
«Комитет құзыретінен алынып тасталған 8 бақылау қызметінің тізбесі анықталды. Бекітілген талаптарды оңтайландыру және ырықтандыру мақсатында, 2017 жылдың соңына дейін тағы 12 Санитарлық ережені қайта қарау жоспарлануда. Одан әрі бақылаудың ұқсас түрлерін (камералық бақылау, тәуелсіз санэпид.аудит, сатып алу арқылы өнімдер мониторингі) енгізу есебінен, екінші жартыжылдықта Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті органдары жүргізетін тексерістер саны ерекше тәртіпте 2 есеге дейін қысқарады деп күтілуде», - деген мәлімдеме жасады «дөңгелек үстел» қатысушыларына Комитет басшысы.
Жандарбек Бекшиннің пікірінше, денсаулық сақтау саласындағы жекеменшік ұйымдар үшін кедергілерді азайту және нарықты ырықтандыру нәтижесі: КТМКК және МӘМС бойынша жекеменшік ұйымдарды қаржыландыру 2025 жылға қарай 42%-ға дейін артпақ, кәсіпкерліктің жаңа субъектілері 2025 жылға қарай 1000 субъектіге көбейеді және 6 189 белсенді субъект болады, шағын және орта бизнес айналымы 2025 жылға қарай 4,6 млрд. теңгеге дейін өседі.