
2017 жылғы 19-22 қыркүйек аралығында Женева қаласында (Швейцария) ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күресуге арналған Жаһандық Қорына 2018-2020 жылдары қаржыландырудың өтінімін әзірлеу жөніндегі кездесу өтуде.
Іс-шараға ЖИТС-ке қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың, аталған Қордың, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қазақстандық одағының өкілдері қатысуда.
Өтінім халықтың осал топтары (есірткі тұтынушы адамдар, секс жұмысшылары, еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін еркектер) арасында АИТВ жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар үшін әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру схемаларын жүзеге асыруға арналған қаржыландыру мен іске асырудың механизмдерінің нормативтік-құқықтық базасын нығайтуға бағытталған.
Жаңа грантты жүзеге асыру аясында ҮЕҰ арқылы халықтың осал топтары пен АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында профилактикалық бағдарламаларды іске асырудың тиімді үлгісі жасалатын болады деп болжануда. 2020 жылға қарай профилактикалық бағдарламалармен есірткі тұтынушы адамдарды - 60%-ға, секс жұмысшыларын - 80%-ға, еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін еркектерді - 20%-ға және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды 90%-ға қамту жоспарлануда.
Ол тұрғындардың осы топтарын күтіммен, қолдаумен және емдеумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, жалпы АИТВ-инфекциясы індетінің қарқынын төмендетеді, - дейді ЖИТС-ке қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Бауыржан Байсеркин.
Грантты 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында іске асыру жоспарлануда.
Осы күндері Женевада жаңа гранттың өтінімін рәсімдеу талқылануда: іс-шаралар, бюджет, орындалу индикаторлары, жүзеге асыру схемасы.