
Бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Инфекционист дәрігерлер қоғамы» (ҚР) және «Жұқпалы аурулар аурулар жөніндегі Еуро-Азияттық қоғам» (РФ) өңіраралық бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы аса қауіпті жұқпалы аурулар: алғашқы медициналық-санитарлық көмек кезеңіндегі жұқпалы аурулар менеджменті» тақырыбындағы конференция өз жұмысын бастады.
Екі күн ішінде Германия, АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан жиналған халықаралық деңгейдегі білікті инфекционист дәрігерлер ЖРВИ, пневмония, вирустық гепатитті емдеу және екпе профилактикалары аясында туындайтын мәселелерді талқылайтын болады. Сондай-ақ, ВИЧ-инфекциялары, паразиттік, тропикалық, зоонозды және аса қауіпті жұқпалы аурулар жайында тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жұқпалы аурулардың алдын алудағы екпенің рөлі, оның арқасында соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанда қызылшамен ауыратындар саны 59, балалар арасында қызамық ауруы 1300, эпидпаротит 160, ересектер арасындағы «В» вирустық гепатиті 23,7, ал балалар арасында («В» вирустық гепатиті) 52 есеге (ВГВ екпесі 1998 ж. басталды) азайғаны, әсіресе көкжөтелмен ауыратындар көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп, ал дифтерия және сіреспе аурулары өте сирек кездесетіні байқалып келе жатқандығына тоқталды.
Ол сондай-ақ, бірнеше жылдан бері республикада санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғаны: қауіпті жұқпалы аурулар: тырысқақ, іш сүзегі, сіреспе, көкжөтел індеттерінің таралмағандығын айтып өтті.
Бұған қоса Африка мен Азия елдерінің Еуропа, Солтүстік Америка және ТМД елдеріне көші-қоны, сонымен қатар туризмнің дамуы, халықаралық, экономикалық және сауда байланыстарының дамуы біздің елдерімізге кез келген жұқпалы аурулардың тасымалданып, таралуына әсер етуі мүмкін екендігін жеткізді.
«Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам өміріндегі жұқпалы ауралар XXI ғасырда арта түседі. Сондықтан, мұндай конференциялар – алыс және жақын шет елдердегі жұқпалы ауруларды емдейтін халықаралық деңгейдегі дәрігерлер үшін өзара тәжірибе алмасу алаңы болып саналады. Дәрігерлердің медициналық көмек көрсету деңгейі артып, пациенттер жағдайы жақсара түспек», - деді вице-министр.