ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС енгізудің өзекті мәселелерін талқылау жөнінде «дөңгелек үстел» өткізді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС енгізудің өзекті мәселелерін талқылау жөнінде «дөңгелек үстел» өткізді

Бүгін Астана қаласында  «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ базасында, Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, саяси партиялардың,  сарапшылар қоғамдастығының, жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «2017 жылғы 4 қыркүйекте ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген Мемлекет басшысының тапсырмасы тұрғысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2017 жылдың 4 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің прогрессивтілігін айта келе, ҚР Үкіметіне МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең дәрежеде (әділ) қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші кезекте  елбасы медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ету» санатына жататын 2,7 миллионнан астам  қазақстандықтардың МӘМС жүйесіне қатысу шарттары туралы мәселелерге ерекше мән берді.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаева осы реформаны құрайтын екі тарапты атады: бұл – денсаулық сақтау жүйесінің дайын екендігі және қоғамның ұсынылып отырған өзгерістерді қабылдауға әзірлігі.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің алғышарттарын еске сала келе, ол МӘМС енгізудегі негізгі себептерге – денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындардың өсіміне тоқталды:

- негізгі демографиялық көрсеткіштердің жақсаруы салдарынан халық санының өсуі  (туу көрсеткіші 10%-ға өсті, өлім-жітім 27%-ға төмендеді, өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа көбейді, шамамен  қазақстандықтардың орташа жасы 32 жасты құрайды);

- инфекциялық емес аурулар  өсімі  (бірінші кезекте жүрек-қан тамыры аурулары және онкология);

- инфляция және жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер құнының қымбаттауы.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің (КТМКК) атаулы шығындары 209 млрд. теңгеден (2006 ж.) 884 млрд. теңгеге (2016 ж.) дейін, яғни 4 еседен аса өскеніне қарамастан  бұл шығындар деңгейі жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қарағанда  жағымсыз үрдіске ие: 2,6%-дан (2009 ж.) 1,9%-ға (2016 ж.)  төмендеген. Бүгінгі күні кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландыру 541 млрд. теңгені немесе қажеттіліктің 38%-ын құрайды, - деп атап өтті  Л.Ақтаева өз баяндамасында.

Оның айтуынша, стационарлық медициналық көмек,   оның ішінде  жоғары технологиялық медициналық қызмет 61 млрд. теңгеге, консультативтік-диагностикалық қызмет 51 млрд. теңгеге,  амбулаториялық  дәрілік қамтамасыз ету 41,9 млрд. теңгеге,  онкологиялық қызмет 37 млрд. теңгеге жетімсіз қаржыландырылған, сапалық өзгерістер үшін негізгі құралдарды жаңарту және медициналық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын арттыруға қосымша 316 млрд. теңге қажет.

Нәтижесінде, тұрғын халық ақысыз көрсетілуге тиісті медициналық қызметтерге ақы төлеуге мәжбүр. Сонымен бірге халықтың «қалталық» төлемдерінің үлесі денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығындар құрылымында  31%-дан (2011 ж.) 39%-ға (2015 ж.) көбейген.  Еуропа елдерінде «қалталық» шығындар үлесі 16,3%-ды, ЭЫДҰ елдерінде 19,6%-ды құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пікір алмастыру алаңында сақтандыру медицинасын енгізу аспектілері туралы, тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз ететін бөлігінің медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу тәсілдемелерін қайта қарап, аталған санаттағы тұлғаларды еліміз экономикасына қатыстыру, бизнес жүктемесін жеңілдету, барлық мемлекеттік органдардың деректер қорын біріктіру және өзекті қылу, оның ішінде өнімсіз өзін-өзі қамтамасыз етушілерді толық қамту  механизмдері талқыланды.

 

Анықтама үшін:  ӘМСҚ деректері бойынша, 2017 жылдың 7 қыркүйегіне , Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына  жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден түскен аударымдар мен жарналар шамамен 7,2 млрд теңгені құрайды.

Көрсеткіштер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ағымдағы кезеңге күтілген болжамға сәйкес келеді.

Аударымдар мен жарналар төлеуде Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.