Денсаулық сақтау министрлігі ведомствоның 2017 жылдың 1 жартыжылдығы жасалған жұмыстарын қорытындылады

Денсаулық сақтау министрлігі ведомствоның 2017 жылдың 1 жартыжылдығы жасалған жұмыстарын қорытындылады

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ағымдағы жылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы және алдағы міндеттер бойынша Алқа отырысы өтті.

Іс-шараға Қоғамдық кеңестің мүшелері, өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының, аумақтық департаменттердің басшылары және т. б. қатысты.

Өз сөзінде ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесі алдында мынадай міндеттер тұрғанын: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары  жүргізу, денсаулық сақтауды ақпараттандыру, барлық дәрілік заттардың бағаларын реттеу керектігін атап өтті.

Бұл аралықта Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Аталған Қызметтің құрылуы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Оның мақсаты: аурудың алдын алу мен денсаулықты нығайтудың қолжетімді және тиімді тетіктерін енгізу. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі нәрестелерді егу және мектеп медицинасы, дұрыс қылық, экологиялық қауіпсіздік, жастар мен ересек тұрғындар арасындағы гигиена мәселелерінен бастап оңтайлы тамақтану мен қарт адамдардағы созылмалы дегенерациялық сырқаттардың алдын алуға дейінгі өмірдің барлық кезеңдерін қамтиды. Бұның бәрі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту және жастарын ұзарту мәселелерін шешуге бағытталған.

Медициналық білім беру жүйесін жаңғырту, жетілдіру аясында медициналық ЖОО-ның шетелдік серіктестері анықталды. Оқыту бағдарламаларына өзгерістер енгізу, ЖОО-ның өз беттерінше академиялық және басқару мүмкіндіктерін кеңейту, университет клиникаларын құру, профессорлық-оқытушылық құрамды қайта оқыту шаралары қарастырылатын 5 жылға арналған стратегиялық даму жоспарларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Пилоттық жоба бойынша еліміздің алты колледжінде 320 студент Қолданбалы бакалавриаттың Финдік үлгісі негізінде білім алуда, яғни мейіргерлік білім беру ісін жаңғырту, жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

1 шілдеден бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер жарналар аудара бастады. МӘМС заңнамалық базасын жетілдіру аясында 2017 жылдың 30 маусымында МӘМС туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді қарастыратын Заң қабылданды. Еліміздің 16 аймағында Қордың филиалдары құрылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңды жүзеге асыру үшін Министрлік пен басқа да мемлекеттік органдарда нормативтік құқықтық актілер әзірлеп, қабылдау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) аясында мемлекеттік және жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілерге тең жағдай жасау мақсатында КТМКК медициналық көмек көрсету қызметін жеткізушілерді таңдау ережесі қайта қаралды, нәтижесінде  бизнес субъектілерінің қатысу тәртібі жеңілдетілді (қажет құжаттар тізбесі қысқартылды, қосалқы мердігер, т.б. тізбесін қалыптастыру талаптары алынып тасталды). Денсаулық сақтау субъектілерінің әкімшілік деректерін жинауға арналған есептік құжат нысандары 22%-ға, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының алғашқы медициналық құжаттамаларының нысандары 30%-ға қысқарды.

Балаларды мектепке дейін оқыту және тәрбиелеу объектілеріне, әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттар қолданылатын лабораторияларға, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына, денсаулық сақтау объектілеріне, сауда объектілеріне қойылатын санитарлық талаптар қайта қаралды.

Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығына қатысты қауіптілік деңгейін бағалау мөлшері мен тексеру парақтары қайта қаралды. Яғни, бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша тексеру парақтарында көрсетілетін санитарлық талаптар 6 есеге қысқарды. Бұл жекеменшік бизнес қызметін қадағалау және бақылау бағытындағы жүктемелерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.  Министрліктің бақылау-қадағалау қызметін 38%-ға қысқарту, 14 мемлекеттік қызметті өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Ақпараттық жүйені біріктіру, деректердің біртұтас қоймасын және бірыңғай кіру нүктесін жасау мақсатында, Дүниежүзілік банк  жобасының аясында Кіріктіру тұғырнамасы енгізілмек. Оны 2017 жылдың соңында пилоттық негізде пайдалану жоспарлануда. Министрлік, сондай-ақ, ӘМСҚ ақпараттық жүйесін құру шараларын жүргізуде. МӘМС-ға аударымдар мен жарналар алымдары үшін бұрыннан қолданыста бар, қазіргі уақытта зейнетақы алымдары жиналатын «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Аталған жүйе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру талаптарын ескере отырып, жетілдіріліп, түзетілген.

Қазақстан халқына Жолдауындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың соңына дейін барлық дәрілік заттарға бағаны реттеу жүйесін енгізуі қажет. Қазіргі уақытта барлық дәрілік заттарға шектеулі баға қалыптастыру әдісі жасақталды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» ҚР Кодексі мен ҚР Кәсіпкерлік кодексіне  Министрлікке барлық дәрілік заттардың бағасын реттеу құзыретін беру бөлігінде тиісті өзгерістер енгізіледі. Заң жобасын әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды, Жол картасы бекітілді және Тұжырымдама әзірленіп, НҚА сайтта ашық талқылауға ұсынылды, сондай-ақ, тіркелген НҚА «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына келісуге жіберілді. Нормативтік құқықтық актілер қабылданғаннан кейін дәрілік заттардың бағалары реттеледі.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін медициналық қызметкерлердің жұмыстарын жеңілдету үшін есептік және есепке алу нысандары 30%-ға азайтылды, ол қағаз жүзіндегі құжат айналымының қысқаруына, медициналық қызметкерлер жүктемелері мен АМСК ұйымдарындағы кезектің азаюына мүмкіндік береді.

2017 жылдың І жарты жылдығында Ұлт жоспарының 82-қадамын жүзеге асыру аясында құрылған Медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссия  диагностиканың және емдеудің 61 клиникалық хаттамасы мен 14 медициналық технологияны мақұлдады. Хирургиялық, жақ-бет сүйегі хирургиясы, неонатальды хирургиялық көмек көрсету стандарттары әзірленді. Жыл соңына дейін 180 клиникалық хаттама (оның ішінде 98 жаңа, 82 бұрынғы, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың 8 стандарты)  әзірлеу және жетілдіру жоспарланған. 

             Қазіргі уақытта ОКК өзін-өзі реттейтін ұйымға беру жұмыстары жүргізілуде, ол мемлекетпен бәтуалықта кәсіби қауымдастықпен өздері шешім қабылдауларына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, іріктеу және алдағы уақытта мемлекеттік органның кейбір қызметтерін беру үшін кәсіби медициналық қауымдастықтар қызметінің белгіленген өлшемдерге сәйкестігін бағалау мақсатында, оларды акредитациядан өткізеді.

Анықтама үшін: Ағымдағы жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша нәресте өлімі көрсеткіші 10,8%-ға төмендеді, қатерлі өскіндер салдарынан болған өлім-жітім көрсеткіші  5,6%-ға азайды, инфаркт миокарды 5,5% - ға, жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан 8,6% - ға, туберкулез 16,6% - ға төмендеген.