
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі талқылауға шығарылатын «Тәуелсіз сарапшылар ретінде тәуелсіз сараптама жүргізуге үміткер жеке тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.
Тәуелсіз сарапшылар денсаулық сақтау субъектілерінің кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарын оңтайлы пайдалану және қазіргі заманғы медициналық технологияларды қолдану арқылы қажетті көлемдегі және тиісті сападағы медициналық көмекті алуға пациенттердің құқықтарын; денсаулық сақтау субъектілері қызметінің ашықтығы мен объективтілігін, медицина қызметкерлерінің құзыреттілігін, мамандардың біліктілік деңгейін; сондай-ақ белгілі бір ауру немесе клиникалық жағдай кезінде медициналық көмек көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды қалыптастыру кезінде ұсынымдардың өзектілігі мен негізділігін қамтамасыз ету мақсатында сыртқы сараптама жүргізу үшін тартылады.
Тәуелсіз сарапшы – бұл жоғары медициналық білімі бар және уәкілетті орган айқындаған, тәуелсіз сараптама жүргізуге үміткер жеке тұлғаларға қойылатын талаптарға сай келетін жеке тұлға.
Денсаулық сақтау саласында тәуелсіз сараптама бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйым тәуелсіз сараптама жүргізу үшін жоғары медициналық білімі, мәлімделген мамандығы бойынша кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, соңғы 3 жыл ішінде кемiнде 216 сағат бiлiктiлiгiн арттырған, клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификаты және мәлімделген мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты, денсаулық сақтау саласында тәуелсіз сараптама бойынша қызметті жүзеге асыратын қауымдастықта мүшелігі бар дәрігерлерді тарта алады.
2017 жылғы 1 қаңтарға дейін жеке тұлғаларды аккредиттеудің тәуелсіз сараптама жүргізу үшін оларға аккредиттеу туралы куәлікті беру арқылы жүргізілгенін айта кету керек. Тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін кеңейту бойынша жұмыс жалғастырылуда. Тәуеслсіз сарапшылардың санын ұлғайту жүргізілетін сараптаманың сапасын жақсарта отырып, бәсекелес ортаны құруға мүмкіндік береді.