
Мемлекет басшысының жарлығымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры болып Талғат Нұрғожин тағайындалды.
Талғат Нұрғожин Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын және Томск мемлекеттік медицина университетін бітірген.
Алғашқы еңбек жолын ол С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің фармокология кафедрасының ассистенті ретінде бастады.
Әр жылдары Астана және Алматы қалаларында ғылыми және медициналық мекемелерде басшылық қызмет атқарды. Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының емдеу ісі және ұйымдастыру-экономикалық жұмысы жөніндегі проректоры, Нейроxирургия ұлттық ғылыми орталығының стратегиялық жоспарлау және бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры, Ұлттық медицина xолдингінің басқарушы директоры, Назарбаев университетінде басшылық қызметтерде болды.
Оның жетекшілігімен 5 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, 7 монографияның, 8 болжамды патенттің авторы болып табылады. Талғат Нұрғожин жалпы және клиникалық фармакология бойынша оқытушыларға арналған оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеген. Қазіргі таңда аталған құралдар оқу процесінде сәтті қолданылуда.
Қазақстан Республикасы халқының денсаулық сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, ғылым саласындағы жетістіктері үшін «За заслуги в развитии науки Республики Казахстан» төс белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен ҚазҰМУ-нің Бақылаушы кеңесінің құрамы жаңартылғанын атап өту керек, оның құрамына ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, университеттің жаңадан тағайындалған ректоры Талғат Нұрғожин, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман, Resmi компаниялар тобының президенті Қайрат Мәжібаев, Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Ерасыл Әьілқасымов, Capital partners бас директоры Владимир Сарыбеков, ҚР Халықаралық фармацевтика өндірушілері қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Валихан Ахметов, AJ Consulting басқарушы директоры Әліби Жангильдин, Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Қадыр Омаров және Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі директорының орынбасары Есентай Тәжиев кірді.
Анықтама: С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (бұрын Алматы медицина университеті) 1930 жылы құрылған. ЖОО-ның бірінші ректоры - Санжар Асфендияров. Құрылғаннан бері университет тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де табысты жұмыс істеп жүрген 65 мыңнан астам маман дайындады.