
Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК базасында Балаларды қорғау күніне арналған пресс-конференция аясында «Мен – жеңімпазбын!» жобасының таныстыру рәсімі өтті.
ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева пресс-конференцияда сөйлеген сөзінде: «Аталған жоба барлық қазақстандық балалар мен олардың ата-аналарына аурудан айығуға сенім мен үміт, сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте анықтап және дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Оның мәнісі - онкологиялық ауруға шалдыққан балалар мен олардың ата-аналары бала жасында онкологиялық ауруды жеңген адамдардың жеке тарихы туралы жан-жақты біле алады» - деп атап өтті.
Таныстыру барысында өзі туралы: 10 жасар Айша Тукан, 3 жасында гистиоцитозбен ауырған, қазіргі күні оның ауруы тұрақты ремиссия кезеңінде; 17 жасар Абудуллам Алин 3 жасында жіті лимфобласты лейкозбен ауырған болатын, 9 жасында осы аталған аурудың рецидивін басынан өткізіп бүгінгі күні жеткіншектің дені сау және мектепті бітірген; 7 жасар Айша Нұрлымбек 2 жасында жіті лимфобласты лейкозбен ауырған, қазіргі күні оның ауруы тұрақты ремиссия кезеңінде және ол мектепке баруға дайындалуда.
Отандық медицинада терапияның неміс бағдарламаларын сәтті қолдану арқасында Қазақстандағы онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмірінің ұзақтығы артып келеді және олардың көбі іс жүзінде аурудан айығуға қол жеткізеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жіті лимфобласты лейкозбен ауырған балалардың өміршеңдігі әлемдік нәтижелерге жақын - 75%-ды құрайды. Алдыңғы қатарлы әлемдік орталықтарда осы аталған ауруға шалдыққан балалардың өміршеңдігі 80 - 85%-ды құрайды. Бұрындары осы диагнозбен ауырған балалар 100% жағдайда қайтыс болатын - деді Риза Боранбаева.
«Балаларды қорғау күні – бұл балалардың өзіне ғана қуанышты мереке емес, бұл барлық баланың дені сау, бақытты болуы, оқуы, сүйікті ісімен айналысып, болашақта керемет ата-ана және өз елінің нағыз азаматтары болып өсуіне ықпал ететін бала құқығын қорғау қажеттілігі туралы қоғамды ескерту болып табылады» – деп, ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры сөзін қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру бойынша жол картасын бекітті. Оның аясында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, емдеудің заманауи технологиялары және балалардағы қатерлі ісіктерді оңалту т.б. бойынша халықтың ақпараттылығы мен сауаттылығын көтеру бойынша шаралар іске асырылады.