
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Ақмола облысына іссапармен барды. Сондай-ақ, аймақта өңірлік жедел штаб отырысы өтті.
Сапар барысында А.Ғиният Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовпен кездесіп, дәрігерлік амбулаторияға, көпбейінді облыстық аурухана жанындағы онкологиялық емханаға барды, Көкшетау қалалық көпбейінді аурухана жанындағы инфекциялық аурулар орталығының қызметімен танысты, пациенттермен сөйлесті.
Сапар барысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік жедел штаб отырысы өтті. А.Ғиният атап өткендей, бүгінде Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы аурушаңдығының төмендеу үрдісі байқалады. Сонымен қатар, реанимациялық бөлімшелерде жағдайы ауыр науқастардың саны жоғары. Мәселен, биыл 3 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 23% немесе 717 науқас реанимациялық төсекте жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп қабылдаған шаралар нәтиже берді, соның арқасында бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық орындардағы пациент санын төмендетуге мүмкіндік бар. Бұл - Алматы, Қарағанды облыстары және басқалары.
Сонымен қатар, Ақмола облысында соңғы айларда реанимацияда жатқандар қатары көбейген. Ағымдағы жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша 581 пациент стационарлық ем алады, 63 пациент реанимациялық төсекте жатыр, бұл 11% - ды құрайды. "Қазіргі жағдай бізді қатты алаңдатады, өйткені реанимациялық төсекте жатқандар санының артуы облыста КВИ-ден болатын өлім-жітімнің өсуіне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты, министрлік өңірге әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін жұмыс тобын жіберді", - деді Вице-министр.
А.Ғиният Ақмола облысының әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынымдарының орындалуын қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Ол медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде жеңіл және орташа ауыр ағымы бар пациенттерді емдеуге тұрақты мониторинг және бақылау, сондай-ақ пациенттерді уақтылы және тиімді бағыттау қажетті нәтижені қамтамасыз етіп, халық арасында КВИ-ден болатын өлім-жітімді төмендететінін атап өтті.