
Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ағымдағы жылдың мамыр айында сәуірмен салыстырғанда коронавирустық инфекциямен ауыру 1,6 есеге төмендегенін хабарлады.
221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 104 орында тұр. Өлім көрсеткіші бойынша соңғы 4 аптада Қазақстанның позициясы 5 бірлікке 107-ден 112-орынға дейін жақсарды. 1 маусымдағы жағдай бойынша елде COVID-19 оң нәтижесімен 387 672 науқас және КВИ-мен 55 263 жағдай тіркелген. Республика әлі сары аймақта қалуда.
«Жалпы республика бойынша коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықты төмендету жалғасуда. Соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлардың саны 15 мыңнан 12 мыңға дейін немесе өткен аптамен салыстырғанда 21%-ға төмендеді. Жалпы, соңғы айда ауру 1,6 есеге азайды», - деді А. Цой.
Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша төсектердің күнделікті қамтылу мониторингіне сәйкес республика бойынша инфекциялық төсектердің қамтылуы - 28%, реанимациялық төсектердің қамтылуы - 24% құрайды. Бұл ретте Алматы қаласында - 2,3 есе, Алматы облысында - 1,9 есе, Ақтөбе облысында - 1,8 есе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында - 1,6 есе оң динамика байқалады. Соңғы 2 аптада емделіп жатқан науқастар саны 12 мыңға азайды.
Халықты КВИ-ға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі таңда вакцинаның шамамен 3,2 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентпен 2 131 519 адам егілді, бұл тиісті халықтың 21%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 074 954 адам қамтылған.
«Бүгінгі таңда егу пункттерінде вакцинаның жеткілікті мөлшері бар: бірінші компоненттің шамамен 330 мыңы және екінші компоненттің 811 мыңы. Қосымша, маусым айында COVID-19 вакциналарының шамамен 2 млн екі дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Бүгін ҚХР-дан 500 мың CoronaVac вакцинасы алынды. Осылайша, Қазақстанда 4 вакцина қолжетімді болады», - деді Денсаулық сақтау министрі.
А. Цой сондай-ақ бүкіл ел бойынша жүріп жатқан «Ashyq» жобасының іске асырылуы туралы айтып берді. Осылайша, жобаға қатысушылар саны 8 мыңнан асты және 2 апта ішінде тағы 2 мыңға артты, пайдаланушылар саны 2 апта ішінде 1,4 млн-нан 2 млн-ға дейін өсті сонымен қатар, «Ashyq» енгізілген сәттен бастап ПТР тестінің оң нәтижесімен 3 556 адам және 3 012 байланыста болған адам анықталды.
«Бұл статистика көрсеткендей, өкінішке орай, кейбір азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде қозғалуға тырысады, осылайша басқаларға жұқтыру қаупін тудырады», - деді Министр.
Жобаны енгізудің оң әсерін ескере отырып, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жоба көшбасшыларын көтермелеу өлшемдері әзірленді. Жоба көшбасшылары қызмет түріне байланысты 2 апта ішінде объектідегі тіркелімдер саны бойынша анықталатын болады. Бұл тәсіл астананың және республикалық маңызы бар қалалардың ерекшеліктерін ескереді. «Ashyq» жобасының көшбасшысы мәртебесін алған қатысушылар жұмыс уақыты мен шарттары бойынша қосымша жеңілдіктер алатын болады. Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына туристік сала объектілерін, білім беру орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын қосу мәселесі пысықталуда.
Жалпы қазіргі уақытта республикада коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады, өңірлердің қызыл аймақтан біртіндеп шығуы байқалады, болжамға сәйкес аурушаңдық реалистік сценарий бойынша дамуда. Алайда, тұрақты жағдайды сақтау үшін жергілікті атқарушы органдарға вакцинация қарқынын арттыру және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.