Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен арадағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Тедрос Адханом Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының айтуынша, қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.

Президент елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің даму перспективаларын, атап айтқанда, 2018 жылы қабылданған Астана декларациясын ілгерілету мәселесін қозғады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасы бойынша әзірленетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы саяси резолюцияны қолдауға шақырды. Аталған құжат 2022 жылы өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында қабылдануы мүмкін. Резолюция жобасында Астана декларациясының міндеттері мен Алғашқы медициналық-санитарлық көмек механизмдері қамтылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесусқа «One Health» бағдарламасы аясында дайындалған Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды. Бұл жоба ауру мен биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталығын құруды мақсат етеді.

Тараптар пандемияның сын-қатерлерін еңсеру мақсатында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуді жалғастыруға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құндылықтары мен мақсаттарын одан әрі ілгерілетуге әзір екенін нақтылады.

akorda.kz