Астанада денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы интеграция келешегі талқыланды

Астанада денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы интеграция келешегі талқыланды

Астана қаласында «Еуразиялық экономикалық одақта денсаулық сақтау технологияларының бағалануын дамыту» атты  ЕАЭО елдердегі денсаулық сақтау технологияларын бағалау (одан әрі - ДСТБ) және инновациялық және қымбат медициналық технологияларды қаржыландыру жүйесін дамытуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды.

Конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ЕАЭО  елдердегі техникалық реттеу жөніндегі Коллегия мүшесі Валерий Корешков, Ресей федерациясы Денсаулық сақтау Министрлігінің «Медициналық көмек сапасын сараптау және бақылау орталығы» бас директоры Виталий Омельяновский,  ҚР Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы (одан әрі – ҚР ДСДРО) бас директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпханова, сондай-ақ ЕО және ЕАЭО елдерінің денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.

Шараны ұйымдастырушылар – Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы, Денсаулық сақтау технологияларын бағалау жөніндегі Қазақстан агенттігі, Қазақстандық «KazSPOR» денсаулық сақтау технологияларының тиімділігін бағалау, дәлелді медицина және фармакоэкономикалық зерттеулер  қауымдастығы мен  Ресей «Денсаулық сақтау технологияларын бағалау жөніндегі мамандар қауымдастығы».

Конференция шеңберінде ЕАЭО елдерде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру (нарыққа қолжеткізу ерекшеліктері мен кезеңдері), инновациялық дәрілік заттарға бағаның құрылу жүйесінің әлемдік тәжірибесі, денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы интеграцияның және интеграция перспективаларының халықаралық тәжірибесі және т.б. мәселелелер талқыланды.

Әлемнің 60-тан астам елдерінде қолданылып жүрген және жаңа денсаулық сақтау технологияларының клиникалық тиімділігі мен экономикалық мақсаттылығын сараптайтын денсаулық сақтау технологияларын бағалау жүйесі қабылданған. Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) қызметі Еуропа одағы (ЕО), Әлемдік банк пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан белсенді қолдауға ие. Қазіргі уақытта ДСТБ-ға жауапты ұйымдар еуропа елдерінің барлығында дерлік, оның ішінде Шығыс Еуропа елдерінде, қызмет етуде.

Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау Министрлігі Медициналық көмек сапасын сараптау және бақылау орталығының бас директоры Виталий Омельяновскийдің айтуы бойынша, қазіргі таңда денсаулық сақтау саясатын қалыптастыруда және жүзеге асыруда денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) тұжырымдамасының ролі артуда. ДСТБ жөніндегі агенттіктердің жұмыстары жақсы жолға қойылған шет елдердің көпшілігінің тәжірибесі, сараптау институтын құрмай, денсаулық сақтау саласында шектеулі қаржы ресурстары жағдайында аса пайдалы шешімдер қабылдау үшін мемлекет пен сараптау қоғамдастығы арасында өзара тиімді әрекетке қол жеткізу мүмкін еместігін дәлелдеп отыр.

«Аталған конференцияны Қазақстанда өткізуге түрткі болған себеп, бүгінде ЕАЭО елдері-қатысушылары халықаралық тәжірибеде көрінетін стандарттық әдістемелік ұсынымдар мен нұсқаулықтарды әзірлеу, енгізу және жетілдіру арқылы ДСТБ-дың ашықтығын, тиімділігі мен практикалық маңызын арттыру мақсатында ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындайды. Халықаралық ынтымақтастық жоғары әсерлі дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және басқа технологиялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында тиімді әдістемелік құралдармен өзара алмасып, бірін-бірі қайталамауға мүмкіндік береді», - деді ол конференцияда сөйлеген сөзінде.

Кеден және Еуразиялық одақтардың құрылуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақ аясында ДСТБ саласындағы ынтымақтастық өте өзекті жайт.

«Ұлт саулығы – ұлттық қауіпсіздігіміздің басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында барлық дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеу шараларын енгізу тапсырылды. Дәрі-дәрмек бағаларын мүлтіксіз реттеу арқылы біз қаражатты қажетті арнаға жібере аламыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Конференцияға қатысушылар көптеген елдерде денсаулық сақтау саласының заманға сай дамуы, шығындардың үнемі артуы байқалатындығын,   бұл өз кезегінде тұрғындар үшін медициналық қызметтің қолжетімділігіне кері әсер ететіндігін еске салды. Сырқаттарды диагностикалау және емдеу әдістерінің кеңейтілген түрлері, тұрғындар талабының артуы, сондай-ақ өмір сүру жасының ұзақтығы (қарттық) денсаулық сақтау саласындағы шығындардың артуына бірден-бір себеп болып отыр. Сондай-ақ дәрілік заттар мен басқа да технологияларға жұмсалатын шығындар өсімінің енді бір себебі – көрсетілетін медициналық-санитарлық қызметтің нәтижесіздігі. Аталған үдерістер шығындарды бақылауға мүмкіндік беретін әдістерді жасап, қолдануды талап етеді, сөйтіп денсаулық сақтау жүйесінің бюджетін шектеу шеңберінде жоғары тиімділікке қол жеткізуге ұмтылдырады.

«Медициналық қызмет сапасы туралы біз алғаш рет 1980-90 жылдары айта бастадық. Енді медициналық қызметтің деңгейі және қолайлылығы жайында сөз қозғап отырмыз. Медициналық қызмет көрсету сапасының қажетті деңгейіне қол жеткізу үшін күнделікті клиникалық практикадағы медициналық технологияларды бағалау саясатының әдістерін енгізу қажет», - деп атап өтті ДСДРО бас директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпханова.