Бишкекте ТМД қатысушы мемлекеттерінің азаматтарына медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды

Бишкекте ТМД қатысушы мемлекеттерінің азаматтарына медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды

Бүгін Бішкекте (Қырғызстан) ТМД-нің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің XXVII отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі сұрақтардың бірі ҚР ДСМ-нің ұсынысымен ТМД қатысушы мемлекеттерінің азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі - МӘМС) медициналық көмек көрсету мәселесі болды.

Отырыста сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қазақстанда МӘМС-ті енгізу бойынша тұжырымдамалық тәсілдері әзірленгені; мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (әлеуметтік-маңызды аурулар, шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету, жедел медициналық жәрдем, санитариялық авиация және вакцинациялауды ) қамтамасыз  ететіндігі туралы айтып берді.

МӘМС-ті енгізу саланың дамуының негізгі міндеттері мен бағыттары қарастырылған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

Одан басқа, отырыс барысында 2017 жылы X-шы Астана экономикалық форумын, ағымдағы жылғы ШЫҰ қатысушы мемлекеттері министрлерінің кезектен тыс жиынын өткізу туралы және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.