
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жоғары технология күндері» атты республикалық акция аясында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының (одан әрі - ҰҒКО) дәрігерлер бригадасы жүрек сырқатының ауыр түрлерімен ауыратын науқастарға консультациялық кеңес, көмек көрсету мақсатында Ақтөбе облысына келді.
Астананың алдыңғы қатарлы білікті мамандары: ҰҒКО трансплантация және механикалық сүйеу бағдарламасының директоры, кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Бекбосынов, орталықтың диагностикалау бөлімшесінің меңгерушісі, кардиолог Салтанат Андосова және аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, интервенциялық кардиолог Аян Әбдірахманов Облыстық клиникалық ауруханасы мен Ақтөбе аймақтық медициналық кластерінде қабылдау жүргізіп, жүрек сырқаттарын құралдармен диагностикалауды, жүректі ширықтыратын түрлі қондырғылар орнатуды және шұғыл емді қажет ететін науқастарды анықтады. Көмек көрсетуді қажет ететін науқастарға сол жерде ұсынымдар берілді. Жағдайы ауыр науқастар Ұлттық ғылыми кардиология орталығына жатқызылатын болады. Салалық маман-дәрігерлер мен денсаулық сақтау шараларын ұйымдастырушыларға кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету мәселелері бойынша лекциялар оқыды.
Сондай-ақ, ұлттық скрининг бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық медициналық ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту аясында Ақтөбе облысына елордадан нейрохирургтар, травматологтар, акушер-гинекологтар да келеді деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Жоғары технология күндері» ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 17 сәуірде басталған болатын. Шара барысында еліміз аймақтарында республикалық медициналық ұйымдардың жоғары білікті мамандарының қатысуымен шеберлік сабақтары, оталар, консультациялық кеңестер, лекциялар өткізіледі. Бұл шаралар 31 мамырға дейін созылады.