
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру туралы» баяндамасында мәлімдеді.
Үкімет мүшелерінің алдында сөз сөйлей отырып, ол 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін (бұдан әрі – Қызмет) құру болып табылатынын атап өтті.
«Оның үлгісі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы белгілеген қоғамдық денсаулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметтерінің төңірегінде жасалатын болады. Бұл: тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс жағдайын эпидемиологиялық қадағалау; шұғыл жағдайлардың адам денсаулығы үшін қауіптілігіне мән беру, мониторинг жүргізу; қауіпсіз қоршаған ортамен, еңбекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып, денсаулықты қорғау; стратегиялық басшылық; білікті кадрлармен қамтамасыз ету; тұрақты ұйымдастыру құрылымдарымен қамтамасыз ету; ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, коммуникация және әлеуметтік жұмылдыру; зерттеу шараларын дамыту болып табылады.
Соңғы жылдары Қазақстанда жалпы шығындардың 95-96%-ын құрайтын инфекциялық емес созылмалы ауруларға (жүрек-қан тамыр және қатерлі ісік аурулары, созылмалы респираторлық аурулар, диабет және т.б.) бөлінетін шығындардың өсуі байқалады. Қоғамдық денсаулық үлгісі ауруды емдеу әрекеттерін олардың алдын алуға және басқаруға ауыстыру мүмкіндігін береді», - деп хабарлады Елжан Біртанов.
Сондай-ақ, Министр 2016 жылы ДДСҰ-мен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі жедел қызметтеріне өзін-өзі бағалау жүргізілгендігі туралы хабардар етті. Қызметтің міндеті - ықпал етудің мойындалған әдістері арқылы халықтың денсаулығын қорғау мен нығайту. Оның жұмысы басты 3 мақсатқа жетуге бағытталатын болады. Бұл – дәлелді медицина негізіндегі талдамалы жұмыстарды жүргізу, Қызметті институционалды дамыту және халық денсаулығын нығайту жөніндегі шараларды іске асыру.
«Қоғамдық денсаулықтың мақсаттарына жету сектораралық өзара іс-қимылсыз мүмкін емес. Ол үшін орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен бизнес-қауымдастығының қатысуы талап етіледі. Азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі Ұлттық Үйлестіру Кеңесі ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуде негізгі орган болып табылады», - деді Елжан Біртанов.
Қоғамдық денсаулық қызметін дамыту тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мемлекеттің барлық секторы тартылған жағдайда денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды өсімін тоқтатуға қол жеткізуге болады. Мақсатты шаралар ұзақ өмір сүру мен сапалы өміріміздің кепілі болатын әрқайсымыздың күнделікті әдетіміз болып қалыптасуы тиіс», - деп атап өтті министр.
Анықтама: қоғамдық денсаулық сақтау – бұл қоғам арқылы қабылданатын ұйымдастырылған іс-қимыл арқылы денсаулықты нығайту және өмір сүру жасын ұзарту, аурудың алдын алу ғылымы мен тәжірибесі.