Астана медициналық университетінде Елбасының Жолдауындағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланды

Астана медициналық университетінде Елбасының Жолдауындағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланды

2017 жылғы 6 сәуірде «Астан медицина университеті» АҚ-та Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді талқылау және денсаулық сақтау саласын жаңарту бойынша Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарын жүзеге асыру мәселелері жөнінде отырыс өтті.

Отырысқа «АстМУ» АҚ Ректоры М.З. Шайдаров, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кафедра меңгерушілері, Университеттің оқытушы-профессор құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Елжан Біртанов өз сөзінде: «Мемлекет басшысы бізге денсаулық сақтау саласында қаржыландыру және басқару тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде анық тапсырма берді. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу осы міндеттерді шешуге, сондай-ақ, халыққа арналған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жоғарылатуға бағытталған», - деп атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі медициналық сақтандыру бойынша енгізілетін жаңа заңнамалар жобасы туралы да айтты. Олар әртүрлі санаттағы салымшылардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлейтін салымдарын төмендетуге, мемлекет төлейтін тұрғындардың санатын кеңейтуге бағытталған, сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру қорының кіріс және шығыс жағын өзгертуге, оның жұмысын ұйымдастыруға  қатысты.

Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде салымның пайызын 1 АЕК-тен 5%-ға дейін төмендету көзделген белсенді емес тұрғындардың қатысу механизміне нақты тоқталды. Сөйтіп, Е. Біртанов көрсеткендей, ресми табыс алмайтын адамдарға Қорға салыстырмалы азғантай төлем төлеу арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмектің ауқымды пакетін алуға мүмкіндік беріледі.

Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың өзара жауапкершіліктеріне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін осы жылдың 1 шілдесінен бастап енгізу міндетін қойды.

Осы құжат бойынша Медициналық сақтандыру қорына төленетін мемлекет салымы 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына ауысады.

Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, заңгерлердің, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың салымдары мен төлемдері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 шілдесіне шегеріледі. Жалдамалы жұмысшылардың салым салу мерзімі сол күйінде қалады – 2019 жылдан  бастап.

Жеке тұлғалардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу және денсаулық сақтау ұйымын таңдау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алатын медициналық көмек көлемін анықтау құқығы да 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мақсаты – мемлекет, қызметкерлер және азаматтардың өзара қатысуына негізделген медициналық көмек көрсетудің міндеттемелерін және кепілдігін қамтамасыз етудің теңдестірілген және тұрақты жүйесін құру.

Сөйтіп, әркімнің денсаулық сақтау жүйесіндегі жауапкершілігі және қатысу деңгейі анық анықталады.

Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу тұрғындар үшін келесідей нәтижелер алуға мүмкіндік береді:

- денсаулықты жақсарту және өмір сүру ұзақтығын ұзарту;

- сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру;

- тұрғындардың сұранысына жауап беретін денсаулық сақтау жүйесін құру;

- амбулаториялық деңгейде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің санын көбейту;

- денсаулық сақтау жүйесінде бейресми төлем деңгейін төмендету.