
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қызылорда облысының медицина қызметкерлерімен кездесу барысында Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында денсаулық сақтау саласындағы негізгі инновацияларды, отандық медицинаны жаңғыртудың бағыттарын түсіндірді. Жұмыс сапары барысында министр облыстың медициналық активімен, медициналық қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлермен кездесіп, республикадағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шаралары туралы түсіндірді.
Е. Біртанов жұмыс сапарын Қызылорда облысының Ахуалдық орталығы жағдайымен танысудан бастады. Аталған орталық өңірдің қоғамдық-саяси ахуалының макроэкономикалық көрсеткіштерін болжаумен, әлеуметтік-экономикалық даму мониторингін талдаумен айналысады. Е. Біртанов орталықтың жұмысымен танысумен қатар, «Денсаулық сақтау» жүйесінің тармақтарына назар аударды.
«Жүйенің аталмыш тармағы ауру мен өлім-жітімнің жалпы көрсеткіштерін аймақтар бойынша бақылау және салыстырмалы талдаулар жасап, ана мен бала өлімінің себептерін, әлеуметтік маңызы бар аурулар, эпидемиологиялық жағдай мен алдын алу шараларын жедел бақылайды және өңірдің медициналық мекемелерінің ахуалын қадағалауды қамтамасыз етеді», - деп хабарлады орталық басшысы Индира Ақжігітова.
Сондай-ақ, Е. Біртанов аймақтың медицина қызметкерлерімен кездесіп, Елбасы Жолдауында денсаулық сақтау саласы бойынша берілген тапсымаларды орындау барысы туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде сөз қозғады.
«2016 жылы медцина саласының қызметкерлеріне, жергілікті тұрғындар мен жұмыс берушілерге енгізілген өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы штабтар құрылып, БАҚ арқылы ақпараттандыру шаралары белсенді түрде жүзеге асырылды», -деді облыс әкімі Қ. Көшербаев жиналыстағы кіріспе сөзінде.
ҚР Денсаулық сақтау министрі шектеулі мерзім аралығында МӘМС жүйесін енгізу жөніндегі ақпараттандыру-насихаттау жұмыстарын күшейту қажет екендігін айта келіп, 5 сәуір мен 31 маусым аралығында елімізде жаппай емханаға тіркелу науқаны жүзеге асырылатынын атап айтты.
Ведомоство басшысы өз сөзінде ағымдағы тіркеу науқанының маңызды міндеттерінің бірі – келесі жылдың басынан бастап міндетті сақтандыру жүйесіне кіретін азаматтардың санатын анықтау екендігін тілге тиек етті. Бұл әсіресе табыс таппайтын, әлеуметтік аударымдары жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тобының қызығушылығын тудырмақ. Денсаулық сақтау жүйесіне емхана арқылы қол жеткізіп, медициналық сақтандырудың шеңберінде сақтандырылатын азаматтар үшін медициналық қызметтер пакетін пайдалану мүмкіндіктері бар.
Министр МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы айта келіп, азаматтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің денсаулық сақтау үшін жауапты болуы – медицина саласының әлемдік деңгейде дамуының бір көрінісі екендігін сөз етті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда тұратын сақтандырылған азаматтарға, мемлекет жарна төлейтін 15 санаттағы азаматтарға МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет көрсетіле бастайтынын еске салып, Е. Біртанов 2017 жылдыі 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер алғашқы төлемдер мен жарна аудара бастайтынын ескертті.
ҚР азаматтарын медициналық сақтандыру жүйесімен қамтамасыз ету жөнінде Конституцияда көрсетілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қол жетімді болады және мынадай қызметтерді қамтиды:
- Профилактикалық вакциналау,
- Жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация:
- Әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу барысындағы медициналық көмек (қатерлі ісік аурулары, туберкулез, қант диабеті және т.б.) және төтенше жағдайларда, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп тудыратын ауруды емдеу үшін көрсетілетін медициналық көмек.
МӘМС жүйесіне қатысушы тұлғалар төменде келтірілген медициналық қызмет түрлерін ала алады:
- Азаматтардың жекелеген санаттары үшін адәрілік қамсыздандыруы бар мбулаториялық-клиникалық көмек;
- стационарлық және стационарлық көмекті алмастыратын көмек;
- қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
- паллиативтік көмек және мейірбике күтім.
Сондай-ақ, ҚР азаматтары қосымша медицина қызметтері немесе ақылы медицина қызмет түрлерін (ақылы палата, қымбат дәрілерді бірлесе отырып сатып алу, науқастың қалауы бойынша тексерілу және т.б.), ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) немесе тегін медицина қызмет түрлерін қабылдауға құқылы.
«ҚР Заңына сәйкес, медициналық сақтандыру жүйесі ҚР тұрғылықты азаматтары мен Қазақстанда тұратын, жұмыс істейтін шетел азаматтарына да міндетті болып табылатынына назарларыңызды аударғым келеді. Бұл - Қазақстанда тұратын әр адамға, шетелде тұратын әр қазақстандыққа мемлекеттен немесе жұмыс берушіден, азаматтың өз қаржысынан ӘМС қорына жарна немесе төлем аударылуы тиіс дегенді білдіреді», - деді ведомоство басшысы.
Әрі қарай Е. Біртанов №2 қалалық емхананың жобасы бойынша денсаулық сақтау басқармасы мен «Қызылорда шипажайы» ЖШС арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде өзара келісімшартқа қол қою шарасына қатысты. Облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында денсаулық сақтау бойынша 6 жоба мақұлданды, оның ішінде №2,4 емханалар және 4 дәрігерлік амбулаториялар жұмыс атқаруда.