
Бүгін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов бейне конференц-байланыс режимінде Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Тәжікстан екіжақты ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері талқыланды және Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі жандандыру мен нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
М. Шоранов атап өткендей, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тәжікстан Республикасымен бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастыққа мүдделі. Атап айтқанда, тараптар COVID-19 пандемиясымен күрес бойынша ақпарат алмасып, бірлескен іс-қимылдарды үйлестіреді және өзара көмек көрсетеді.
«COVID-19 таралуына байланысты сақталып отырған тұрақсыз жағдайды ескере отырып, ағымдағы эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар бойынша тұрақты ақпарат алмасу түрінде осы бағыттағы әріптестікті жандандыруды ұсынамыз», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
М. Шоранов 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы ресейлік «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасымен вакцинациялау басталғанын еске салды. Препарат өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында да жолға қойылған.
Сонымен қатар, тараптар Тәжікстан азаматтарына ҚР медициналық ұйымдарында медициналық қызмет көрсету мәселесін талқылады.
«Тәжік әріптестерін жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсететін Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарына барып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері деңгейінде ақпараттық технологиялардың енгізілуімен танысуға шақырамыз», - деді М.Шоранов.
Сондай-ақ, тараптар Тәжікстанның медицина қызметкерлері үшін медициналық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ қазақстандық мамандардың COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу бойынша эпидемиологиялық жағдайды болжау және модельдеу бойынша оқыту тренингтерін өткізу, медициналық ұйымдарды аккредиттеуде консультативтік және техникалық көмек көрсету, IT-технологиялар, жедел жәрдем, МСАК, медицина ғылымы және т. б. мәселелерін талқылады.
Тәжікстанның МСАК жөніндегі Астана декларациясын ілгерілету бойынша достас елдер тобына қосылуына және бастапқы буын деңгейінде медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен іс-шараларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударды.
«Елдерге эпидемияға қарсы неғұрлым тиімді іс-шараларды жүргізуге ғана емес, сонымен қатар халыққа денсаулық сақтау қызметтеріне үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды құрал болып табылатын МСАК мәселелерін ағымдағы жылдың 19 мамырында ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысында «ТМД-дағы COVID-19 пандемиясы кезеңінде денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етудегі МСАК рөлі» тақырыбында талқылау жоспарлануда. Іс-шара ТМД және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылады», - деп атап өтті М. Шоранов және ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңес мүшелерін Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрін қатысуға, Тәжікстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ализода Самариддин Ализоданың отырыс тақырыбы бойынша баяндама жасауға шақырды.