Бүгін А.Цой Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстанның Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалогының 6-шы отырысына қатысты.
Кездесуге ҚР Үкімет мүшелері, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, "Kazakh Invest "ҰК АҚ басшылығы, ҚР Жоғарғы сотының өкілдері, Еуропалық Одақтың, Германия, Румыния, Польша, Бельгия, Италия, Словакия, Испания, Литва, Хорватия, Греция, Болгария, Венгрия, Франция, Австрия, Латвия, Чехия елшілері, Португалия, Нидерланды, Финляндия, Эстония және т. б. өкілдері қатысты.
Отырыс барысында пандемия зардаптарын еңсеру және экономиканы қалпына келтіру мәселелері бойынша Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ұлттық және халықаралық деңгейде іскерлік жағдайды жетілдіру, медицина саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, шетелдік заңды тұлғаларға қатысты салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сот және соттан тыс тетіктер арқылы шетелдік компаниялардың қатысуымен түрлі дауды реттеу жөніндегі жоспарлар қаралды.
А.Цой атап өткендей, кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Австрияның ҚР-дағы Елшісі Вилли Кемпель, сондай-ақ Германия, Бельгия, Финляндия, Португалия, Чехия, Италия, Болгария, Франция, Венгрия және т. б. сияқты еуропалық дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері арасында медициналық және фармацевтикалық секторлар бойынша бірлескен жұмыс тобын құру мәселесін талқылау бойынша дайындық онлайн-кездесу өтті.
Қазақстанның бастамасымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Жол картасының жобасы әзірленді.
"Жұмыс тобының құрамында ҚР мүдделі мемлекеттік органдары мен ведомство өкілдері де бар. Жұмыс тобының отырысы жылына екі рет өткізіледі деп жоспарлануда. Жұмыс тобы ҚР мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға, ҚР денсаулық сақтау жүйесіне халықаралық инвестиция мен инновация тартуға мүмкіндік беретініне сенім білдіремін", - деді министр.
А.Цой 2015 жылы қол қойылған Қазақстан Республикасы, Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісім шеңберінде еуропалық мемлекеттермен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.