Қазақстанда СӨС жаңа Концепциясы әзірленуде - А. Ғиният

Қазақстанда СӨС жаңа Концепциясы әзірленуде - А. Ғиният

 Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуде, онда әрбір азаматтың салауатты өмір салты қағидаттарын ынталандырудың прогрессивті тәсілдері қаралады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ҚР ДСМ кеңейтілген алқа отырысында айтты.

     Сонымен қатар, ведомство аурудың алдын алу, уақтылы диагностикалау және емдеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттер үшін республикада тері арқылы коронарлық араласудың 36 орталығы құрылды, оның ішінде 26-сы үшінші деңгейлі, 11-і  екінші деңгейлі. 2021 жылдың 2 тоқсанында Жамбыл облысы Шу қаласының көпбейінді қалалық ауруханасында ТКА орталығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, елімізде 66 инсульт орталығы жұмыс істейді.

 «Өңірлерде инсульт орталықтары болса, ми қан айналымы ауруына шалдыққан азаматтарға  жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туады», - деді А.Ғиният.

  2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша онкологиялық қызметті дамыту аясында өткен жылы Маңғыстау облысында (Ақтау қ.) жаңа онкологиялық орталық пайдалануға берілді. Жамбыл облысында (Тараз қ.) онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда, оны заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен ( КТ симулятор, МРТ аппараты және т. б.) жабдықтау жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы «Облыстық онкология және хирургия орталығында» жоғары технологиялық желілік үдеткіш орнатылған. Сондай-ақ, онкопатологияны емдеуге арналған препараттар тізімі кеңейтілді.

 Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті одан әрі дамытудың кешенді жоспарын әзірледі, сондай-ақ, 2021 жылға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек кешенін жетілдіру бойынша ана, бала өлімін азайту жөніндегі жедел жоспар мен Жол картасын әзірледі.

 «Жедел жоспарда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайындық мақсатында босандыру ұйымдарының инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын жақсарту, медицина кадрларын қосымша жинақтау арқылы аудандық деңгейде перинаталдық көмектің 1 және 2 деңгейін нығайту жоспарлануда», - деп түсіндірді вице-министр.

  Айтпақшы, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-ның деректері бойынша өткен жылы жүкті әйелдер саны 21 000 (435 674), босанған әйелдер саны 22 000 (421 654) және 24 000-ға (427 303) өсті.

  Вице-министр өз сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың ҚР 2019-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және стратегиялық бағдарламалық құжаттарды орындау аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы іс-шараларды сапалы орындау өлім-жітімнің төмендеуіне және азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартуға әсер етеді.