ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері «СҚ-Фармация» басшысының есебін тыңдады

ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері «СҚ-Фармация» басшысының есебін тыңдады

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Алексей Цойдың төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Қатысушылар «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің есебін тыңдады және компанияның жұмысына қатысты ұсыныстар жасады.

ҚР «Қоғамдық кеңес туралы» Заңының 18-бабы 4-тармағына сәйкес Қоғамдық кеңес мүшелері квазимемлекеттік сектор жұмысының нәтижелерін тыңдап, жария түрде талқылайды.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой атап өткендей, заманауи, бәсекеге қабілетті, қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру үшін атқарушы органдардың өкілдерін, сондай-ақ азаматтық қоғамдастық белсенді араласу қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардың тәуелсіз пікірін ескеру қажеттігін бірнеше рет айтты. Осыған байланысты, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес 2020 жылғы 28 қазанда министрліктің Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Қоғамдық кеңес мүшелері ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексін іске асыру шеңберінде 580 нормативтік құқықтық актілер бойынша сараптамалық қорытынды ұсынды. Сонымен қатар, 2020 жылғы 13 қарашада Қоғамдық кеңес төрағасы денсаулық сақтауды реформалау мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырды және өткізді.

 «Қоғамдық кеңесте айтылған  ұсыныстар денсаулық сақтау жүйесін реформалау процесінде ескереміз, оны талдап, іс жүзінде пайдаланамыз.  Денсаулық сақтау саласындағы квазимемлекеттік сектордың қызметі ашық болу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының есебін тыңдауымыз керек. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі материалдық түсім мен шығысты қоғамдық бақылауға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, мемлекеттік аппарат жұмысын ашық ұйымдастыруға ықпал етеді. Біздің бірлескен жұмысымыз денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жаңғырту және дамыту бойынша кешенді шешімдер әзірлеуге бағытталған», - деді Министр.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Е.Есқалиев өз баяндамасында «СҚ-Фармация» алдына қойылған міндеттердің бірі бәсекеге қабілетті фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту екенін айтты. Отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау аясында ұзақ мерзімді шарттар арқылы сатып алу көлемі ұлғайды және болжамдар бойынша 2025 жылға қарай ОТӨ үлесі ақшалай мәнде шамамен 45%  құрайды.

«Фармацевтикалық кластерлерді дамыту үшін салаға Бигфарм – 50 ірі ойыншыны  тарту, отандық R&D орталықтарын, сондай-ақ еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда жаңа өндірістерді дамыту жоспарда бар», - деді Е.Есқалиев.

Бірыңғай дистрибьютор қызметінің тиімділігін арттыру үшін компания жұмысын қайта қарау бағдарламасы әзірленуде. Осылайша, бірыңғай дистрибьютордың сатып алу рәсімдерін жетілдіру мақсатында сатып алу рәсімдерін жеделдету және конкурстық өтінімдерді қарау кезінде адами факторды болдырмау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің АТ-жүйелерімен интеграциялау мәселесі пысықталуда.

Нәтижесінде тендердің жеңімпазы автоматты түрде анықталады, сыбайлас жемқорлық пен адам факторы азаяды. Тұтастай алғанда, сатып алудың электрондық форматына толық көшу: сатып алу рәсімдерін ашық жүргізуге; сатып алу мерзімін қысқартуға;  қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді.

  Қоғамдық кеңес мүшелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қазір өте өзекті екенін және Мемлекет басшысының, Үкіметтің және азаматтық қоғамдастықтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Осыған байланысты «СҚ-Фармация» ЖШС денсаулық сақтау ұйымдары мен бөлшек дәріхана желісіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақытылы жеткізу үшін осы бағыттағы жұмысты күшейтуді ұсынды.