ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой мен Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі С. Ниязходжаев кездесті

ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой мен Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі С. Ниязходжаев кездесті

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездеті. Жүздесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық сөз болды.

"Пандемия өзге елдермен байланысты нығайтудың,  мемлекеттер бір-бірін өзара қолдаудың аса қажет екенін көрсетті. Бүкіл әлемге таралған пандемияны біріккенде ғана жеңе алатынымызға көз жеткіздік. Covid-19 қатысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, қазіргі эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жайлы үнемі ақпарат алмасып отыруды ұсынамыз", - деді А.Цой.

Қазақстан тарапы Денсаулық сақтау министрімен алдағы сапар барысында фармацевтикалық өнімдерді өндіру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері бойынша жедел өзара іс-қимыл тетіктерін айқындау мүмкіндіктерін және бұрын белгіленген басқа да уағдаластықтарды талқылауға дайын екендігін білдірді.

Өзбекстан Республикасы дипломатиялық корпусының өкілі С.Ниязходжаев екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде короновирус инфекциясымен күресті одан әрі тереңдету қажеттігін атап өтіп, аталған бастамалардың барлығын қолдады.