
Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз сөйлеп, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру барысы мен елдегі эпидемиологиялық жағдай жайлы айтты.
3 ақпандағы мәлімет бойынша Қазақстанда 190 359 науқас COVID-19 жұқтырған және 48 005 пациенткеКВИ- диагнозы қойылды. КВИ+ диагнозымен 171 099 адам және КВИ- диагнозымен 36 229 пациент жазылып шықты. Соңғы тәулікте КВИ+ 1228 жағдайы және КВИ-107 жағдайы тіркелді. Қазір Қазақстан орташа қауіпті немесе «сары аймақта» тұр.
Жалпы, республика бойынша қарашадан КВИ- ге шалдыққандар қатары артқан, қарашамен салыстырғанда желтоқсанда 1,2 есе көбейді. Орташа өсу үрдісі қаңтарда да байқалады, желтоқсанмен салыстырғанда ауру саны 1,4 есе көп. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірде науқас саны өсуде.
Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, күшейтілген карантиндік шаралар қабылдануда.
«Коронавирус инфекциясын емдеу үшін стационарларда 20 990 төсек-орын дайын. Инфекциялық стационарларда реанимациялық көмек көрсету үшін 1884 төсек орын бар. Алматы қаласында реанимациялық төсекте жатқандар қатары көп -48%.Қажет болған жағдайда елімізде қосымша 31 мыңға жуық төсек орнын ашуға мүмкіндік болады»,-деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
2020 жылға жоспарланған 16 модульдік инфекциялық аурулар ауруханасының жалпы саны 3000 төсектен тұратын 15 нысаны жұмыс істейді, қалған 200 төсекке арналған бір стационарды биыл ақпан айының соңына дейін ашу жоспарлануда (Атырау облысы, Құлсары қаласы).
Жылбасынан бері жалпы республика бойынша жағдайы ауыр пациенттердің қатары азайған. Алайда, жағдайы ауыр науқас саны көбейген өңірлер де бар: Атырау (6-дан 13-ке дейін), Қарағанды (8-ден 18-ге дейін), Павлодар (12-ден 23-ке дейін)облыстарында, Нұр-Сұлтан (23-тен 29-ға дейін), Алматы қаласында (56-дан 60-қа дейін).
3 ақпандағы жағдай бойынша республикада коронавирус инфекциясына шалдыққан 310 науқастың жағдайы ауыр. Оныңішінде 57 (18%) пациенттің хәлі өте қиын. ӨЖЖ-да 52 пациент жатыр (16,8%).
Реанимация бөлімшесіндегі ауруларды талдау кезінде, пациенттердің 66%-дан астамында қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің обструктивті ауруы, семіздік, бауыр циррозы және онкология, жүрек-қан тамырлары жүйесі сияқты созылмалы аурулары бар екенін көрсетті.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда Н.Ф.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген Гам-КОВИД-Вак (Спутник V) вакцинасымен COVID-19 қарсы вакцинасын егу науқаны басталды.
«Кеше ғана әлемдегі жетекші медициналық ғылыми журналдардың бірі -Lancet (Ұлыбритания) SARS-CoV-2 коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігі 91,6% деп хабарлады. Сонымен қатар, «Спутниктен» кейінгі иммунитет кем дегенде екі жыл сақталуы мүмкін екендігі дәлелденді. Вакцина коронавирустың «британдық» және «оңтүстікафрикалық» жаңа штамдарына да тиімді. Сондай-ақ, вакцинаны әзірлегендер «Спутник» Covid-19 орташа және ауыр түріне шалдыққандарды да 100% қорғайды деп отыр», - деді Е.Қиясов.
Вице-министр бірінші кезекте инфекциялық стационар, жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары, сондай-ақ өзге де медицина қызметкерлері екпе салдыратынын ескерді. Кейін вакцинаның көлеміне қарай педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады.
Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ге қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды және вакцинаны сақтау, тасымалдау регламентін әзірледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабының 18-тармағына сәйкес КВИ-ге қарсы вакцинация тек пациенттің келісімімен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі.
«Вакцинадан жағымсыз әсер болса, барлық қатысушы жауап береді: өндірушіден бастап, тікелей медициналық мекемелерге дейін. Сонымен қатар, өңірлердегі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының жанынан сараптамалық топтар құрылды, олардың құрамына бейінді мамандар кірді. Қолайсыз салдарлар пайда болған жағдайда, аталған комиссиялар тергеу жүргізеді және одан әрі ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды», - деп сендірді Е.Қиясов.
Халықты жаппай вакцинациялау - коронавирус инфекциясы пандемиясынан шығудың жалғыз жолы. Нәтижесінде карантин мен шектеусіз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік туады.
«Бүгінде халықты коронавирустан қорғау, яғни вакцинациялау өте маңызды, бұл бізге КВИ бойынша қалыптасқан жағдайды жеңуге және карантинсіз әдеттегі өмірге оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақша мен мектепке, студенттерді дәріс залына қайтаруға және жалпы туыстармен, әріптестермен, достармен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік береді», - деді Е.Қиясов.
Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны туралы жалған ақпарат жиі тарауда. Осыған байланысты вице-министр азаматтарды тек ресми ақпарат көзіне сенуге, медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асуға және жалған сарапшылар мен арандатушыларға алданбауға шақырды.
«Вакцинация инфекциямен күресте тиімділігін бірнеше рет дәлелдеп, індеттің тіркелу деңгейін нөлге дейін төмендетті. Бүгінде бұл иммунопрофилактикамен басқарылатын инфекциялардан қорғаудың ең тиімді шарасы, сондай-ақ карантин мен өзін-өзі оқшаулаудың жалғыз баламасы», - деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Алдын ала болжам бойынша және шетелдік ғалымдардың зерттеуінше, КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 60% дейін вакцинациялау қажет. Жоғары ұжымдық иммунитетқалыптасқанда және КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана шектеу шараларын тоқтату туралы ойлануға болады.