Денсаулық сақтау вице-министрлері алғаш болып COVID-19 қарсы вакцина салдырды

Денсаулық сақтау вице-министрлері алғаш болып COVID-19 қарсы вакцина салдырды

Бүгін, 1 ақпанда Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасымен халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Алғаш болып Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният екпе салдырды.

Вице-министрлер Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емхана базасында вакцинацияланды. Е.Қиясов пен А. Ғиният вакцинациядан кейін өздерін жақсы сезінетіндерін айтты. Вакцинация алгоритмі бойынша олар 30 минут медициналық бақылауда болды.

«Бәрі жақсы, ештеңе мазалап тұрған жоқ. Дәрігер алдымен пациентті тексереді, анамнез жинайды. Температура, қан қысымын өлшеп, жұтқыншақты қарайды.  Осыдан кейін ғана адамға вакцинация жасауға рұқсат етіледі. Пациент вакцинамен танысады, толық ақпарат алғаннан кейін ерікті түрде келісім беріп, қол қояды. Егер науқас барлық процедураға келіссе, онда ол 21 күнде вакцинаның екінші дозасын алады, өйткені вакцинация  екі сатыдан тұраы», - деді Е.Қиясов вакцинациядан кейін.

Сондай–ақ, вице-министр COVID–19 өте қауіпті инфекция екенін және егер Қазақстан халқының 50% жоғары иммунитет қалыптасса, карантин, локдаунсыз қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндік туатынын еске салды.

«Менің ойымша, қазір вакцинация жүргізуге өте сәтті уақыт», - деді Бас  санитарлық дәрігер.

Вакцинацияның алғашқы күні 2,5 мың медицина қызметкері екпе салдырады деп жоспарланған.

Естеріңізге салайық, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан Қазақстанда “Спутник V” екпесімен еркіті вакцинациялау науқаны басталды. 2021 жылғы 31 қаңтарда  Қазақстанға ресейлік “Спутник V” вакцинасының бірінші партиясы келді. Қажетті рәсімдерді өткізгеннен кейін жүк Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орналасқан “СҚ-Фармация” Бірыңғай дистрибьюторының ірі хабтарына бөлінеді. Әрі қарай вакцина республиканың барлық аймағына жеткізіледі.

 

Бұған дейін елімізде егу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

Әрі қарай Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда - 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозаны жеткізетін болады.

Алдын ала мәлімет бойынша,  «Спутник V» вакцинасының тиімділігі – 96%.

Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары - медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т. б. вакцинацияланады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ, кәмелеттік жасқа толған адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. КВИ-ға қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.

Айта кету керек, тек вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы.

 

Қосымша ақпарат: Ресейлік «Спутник V» вакцинасы Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтіп, бірнеше айдан бері халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылады. Ресей Федерациясының тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша, бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш білдірген, 15 елде ол тіркеуден өтіп үлгерген, ал Беларуссия, Аргентина, Венгрия, Сербия сияқты алты елде ол қазірдің өзінде қолданылған.