
Женевада 72-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы өтіп жатыр, оған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған қазақстандық делегация қатысады. Іс - шараның басты тақырыбы - медициналық алғашқы көмек арқылы әлемде денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу. Өткен жылдың қазан айында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Жаһандық конференция өтіп, онда әлем елдері медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша жаңа астаналық декларацияны қабылдағанын естеріңізге сала кетейік. Бұл құжатта 1978 жылғы Алматы декларациясында бекітілген қағидаттар қайта расталып, денсаулық сақтау қызметтерін көрсетуді жақсарту бойынша шаралар қабылдау жөніндегі тұжырымдама жаңартылды.
194 елден келген делегаттар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қатысты үш қарарды келісті. Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмекке, денсаулық сақтау қызметкерлерінің қоғамдастықтар деңгейіндегі рөліне және БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі ДДБҰ мәселесі жөніндегі қыркүйек кеңесіне арналған. Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша қарарды келісу барысында төраға болды. Онда тиімді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің негізгі рөлі танылады, ол әлем елдеріне адамның өмірі бойы аурудың профилактикасы немесе емдеу, оңалту немесе паллиативтік күтім болсын денсаулық сақтау қызметтерінің толық спектрін ұсынуға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуы аясында пленарлық сессияда Елжан Біртанов Қазақстан Үкіметінің атынан сөз сөйлеп, Астана декларациясын (Operational Framework:Vision to action) енгізу жоспарын әзірлеуге қатысты МСАК бойынша Қарардың маңызды тармақтарын айтты, бүкіл әлемде МСАК-ты нығайту мақсатында Бас директор ДДҰ штаб-пәтерінде қабылдаған құрылымдық өзгерістердің маңыздылығын бағалады.
«Мен ДДҰ Атқарушы комитетінің екі қарарын ұсынған және қолдаған мүше мемлекеттерге: біреуі денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға ортақ қамту мәселесі бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі кеңесіне дайындық туралы және екіншісі – денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға ортақ қамтуға қол жеткізу үшін медициналық – санитариялық алғашқы көмек туралы ризашылығымды білдіремін. Бұл екі қарар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және барлық медициналық қоғамдастықтың барлығына денсаулық үшін маңызды мақсаттарымен тығыз байланысты», - деді Елжан Біртанов өз сөзінде.
Сонымен қатар, Министр денсаулық пен әл-ауқат мониторингінің инновациялық тәсілдері ретінде заманауи технологиялар мен цифрлық қызметтерді пайдалану, сондай-ақ деректер банкінің көмегімен денсаулық сақтау жүйесінің өнімділігі мәселелерін атап өтті.
«Денсаулық сақтауды цифрландырудың жаһандық қозғалысы деректердің едәуір санын жинауға алып келеді. Геномдық технологиялардың дамуымен бірге бұл бізге денсаулық сақтауға жасанды интеллектіні енгізудің болжаусыз мүмкіндіктеріне әкеледі. Мен барлық мүше мемлекеттерді, сондай-ақ мемлекеттік емес субъектілерді цифрлық денсаулық сақтаудың барлық тиісті тақырыптарын егжей-тегжейлі зерделеу және жалпы стандарттарды, қағидаттар мен құрылымды, әсіресе цифрлық денсаулық сақтаудың құқықтық, этикалық және мәдени мәселелері бойынша белгілеу үшін күш-жігерімізді біріктіруге шақырғым келеді. Мен Бас Директорға осы жолда көшбасшылықты өз мойнына алуға өтініш білдіремін», - деп түйіндеді министр өз үндеуінде.
Алматыда орналасқан ДДҰ-ның Елдік офисін қайта құру жолымен Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық орталықты іске қосу жоспарланып отырғанын айта кету керек. Ол үшін ДДҰ-ның 6 өңірлік бюросынан, атап айтқанда Африка, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, Шығыс Жерорта теңізі, Тынық мұхитының батыс бөлігінен, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық кадрларынан МСАК мамандары тартылатын болады. Сонымен қатар, жаһандық орталық мәртебесін беру үшін ДДҰ-ға мүше барлық мемлекеттерді қамти отырып, жаһандық деңгейде МСАК-қа екпін бере отырып, медициналық қызметтерді ұсыну және дамыту жөніндегі стратегиялық функциялар кеңейтілетін болады.
Ассамблея аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі Данияның, Испанияның, Эфиопияның қолдауымен Қазақстандық және Қытай тараптарымен бірлесіп ұйымдастырылған денсаулық сақтау қызметтерімен және тұрақты даму мақсаттарымен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету тақырыбы бойынша «Side event» қосымша іс-шарасы болды. Ивенттің негізгі спикерлері Қазақстан, Қытай, Эфиопия, Ресей Федерациясы, Дания, Испания, Иран, Боливия, Мексика және Сингапур Денсаулық сақтау министрлері болды. Бұл елдердің денсаулық сақтау басшылары өз мемлекеттерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастырудағы озық тәжірибелерімен бөлісті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз баяндамасында МСАК-тың негізгі маңыздылығын атап өтіп, барлық мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптарды Астана декларациясында көзделген іс-қимылды жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.


