А.Ғиният «Шипажай-2020» V халықаралық ғылыми-практикалық форумына қатысты

А.Ғиният «Шипажай-2020» V халықаралық ғылыми-практикалық форумына қатысты

Бүгін онлайн-форматта "Шипажай-2020" V Халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті, оған Денсаулық сақтау Вице-министрі Ажар Ғиният, сондай-ақ медициналық қоғамдастық пен бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында "Шипажай жағдайындағы жаңа деңгей: ғылым, сапа, қызмет көрсету, гигиена, қауіпсіздік" және "Қазақстандағы санаторийлерде COVID-19-дан кейінгі оңалту" тақырыптары талқыланды.
 
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде санаторлық-курорттық емдеу медициналық оңалтудың түрі ретінде заңмен анықталған және денсаулық сақтау ұйымдары мен санаторийлерде әртүрлі аурулардан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.

"Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарға медициналық оңалтуды ұйымдастыру мәселелері ерекше өзекті", - деді А.Ғиният.

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі ковидтен кейінгі оңалтуға жататын нозологиялардың тізбесін, оңалту деңгейін анықтау критерийлерін, көрсетілетін қызметтерге тарифтерді, медициналық оңалтуды көрсету қағидаларын бекітті.

2020 жылғы 24 қарашадан бастап "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" КЕАҚ базасында пилоттық режимде Covid-19 бастан өткерген адамдарда ағзалар мен жүйелердің зақымдану дәрежесін және пациентті одан әрі жүргізу тактикасын айқындау бойынша консультациялық-диагностикалық және әдістемелік көмек көрсететін орталық құрылды.

"Пилот" аясында 300 ересек пациент және COVID-19-мен ауырған 100 бала қатысады. Іске асыру қорытындылары 2021 жылғы қаңтарда шығарылатын болады, содан кейін COVID-19-ға шалдыққан пациенттерді оңалту туралы әдістемелік ұсынымдар әзірлеу және барлық өңірлерде ұқсас орталықтар құру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 19 курорттық аймақ бар, онда 567 медициналық оңалту ұйымы, оның ішінде 34 санаторий жұмыс істейді. Еліміздің санаторлық-курорттық сауықтыру жүйесінде жоғары білімді 134-ке жуық білікті медицина қызметкері және 528 орта медицина қызметкері еңбек етеді.

Санаторийлік төсектердің жалпы саны шамамен 4 мыңды құрайды, оның 50% жыл бойы жұмыс істейді. Жыл сайын 300 мыңнан астам адам республикада санаторий-курорттық ем алады. Биыл коронавирус инфекциясы бойынша шектеу шараларын енгізуге байланысты 46 мың адам ем алды.