
Денсаулық сақтау вице-министрі - ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов испандық «Matachana» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында Қазақстан тарапына елдегі медициналық ұйымдарды жарақтандыруға арналған озық жабдықтар таныстырылды.
«Matachana Group» компаниясының Вице-президенті Мануэль Матачана 14 өңірлік ауруханаға орталық стерильдеу бөлімшелерінде медициналық бұйымдарды толық өңдеуге арналған жоғары технологиялық жабдықты жеткізу жөніндегі жобаны таныстырды. Компания жабдықты дайындауға, таратуға және орнатуға, қайта өңдеу хаттамаларын дайындауға және орнатқаннан кейін 37 айға кепілдік беруге дайын.
«Әр ауруханадан бір топ адам клиникалық және техникалық мамандар ретінде дайындалып, оқытылады, осылайша олар өңдеу хаттамаларын ең озық еуропалық стандарттарға сәйкес қолдана алады», - деді М.Матачана.
Е.Қиясов Қазақстан мен Испания арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
«Қазір денсаулық сақтау жүйесінің негізгі ресурстары пандемиямен күресуге бағытталған. Алайда, төтенше жағдайлар кезінде де елдер халықтың, оның ішінде осал топтардың денсаулығын сақтаудың негізгі қызметтерін қолжетімді әрі сапалы етуге ұмтылуы тиіс, бұл науқастың қаржылық қиындықтарға ұшарамауына мүмкіндік береді», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Ол сондай-ақ 2020 жылдан бастап елімізде ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатқанын хабарлады.
Оның негізгі міндеті халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық сақтау қызметін дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесін тұрақты дамыту болып табылады.
Бұл міндетке бірқатар бағыттарды, оның ішінде салауатты өмір салтына бейілділікті, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуды, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуды іске асыру арқылы қол жеткізуге болады. Алайда, 2020 жылғы оқиғалар бүкіл әлемге жаһандық пандемияның сын-қатерлерін ешкім 100% еңсеруге дайын емес екенін көрсетті.
«Коронавирус эпидемиясы инфекциямен күресте халықаралық ынтымақтастықтың өзара әріптестік байланыс пен елдердің бір-біріне қолдау көрсетуі керектігін көрсетті. Осыған байланысты, бұл кездесуді тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға қосқан үлес деп санау қажет», - деп атап өтті Е.Қиясов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыруға байланысты келісімге келді.
Вице-министр испан тарапына жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқаны және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арқасында өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік пайда болғаны үшін алғысын білдірді.
Бүгінгі кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Испаниядағы Елшілігінің өкілдері қатысуда.
Анықтама үшін: «Matachana Group» компаниясы - бұл медициналық мекемелердің орталық стерилизация бөлімдері үшін медициналық бұйымдарды толық өңдеуге (жууға, дезинфекциялауға және зарарсыздандыруға) арналған жабдықтардың жетекші өндірушілерінің бірі.
Matachana Group бес құрлықтың 110-нан астам елінде және зарарсыздандыру мен инфекцияны бақылау бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі болып табылады.
Matachana Group әлемде жыл сайын 450-ге жуық жобаны іске асырады, соның ішінде Испанияда шығарылған өз жабдықтарымен жұмыс істейді: медициналық мекемелердегі орталық стерилизация қондырғыларының жобаларынан, ғылыми орталықтардағы, биоқауіпсіздік зертханаларында және фармацевтикалық өндіріс барысында да қызмет көрсетеді.