АСТАНАДА АҒЗА ДОНОРЛЫҒЫ ТУРАЛЫ «4739» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

АСТАНАДА АҒЗА ДОНОРЛЫҒЫ ТУРАЛЫ «4739» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Астанада қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы және Қазақстандағы трансплантологияның дамуына арналған «4739» қысқаметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, танымал дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медицина қауымдастығының өкілдері, трансплантаттау жүргізілген пациенттер және олардың отбасы мүшелері қатысты.

Фильм атауының өзіндік мәні бар – 4739. Бұл – бүгінде ағзаны трансплантаттауды күтіп отырған азаматтардың саны. Олардың басым бөлігі үшін трансплантаттау – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі.

Фильмде денсаулық сақтау саласымен ғана шектелмейтін, адамгершілік құндылықтарды – мейірімділік, жауапкершілік, өзара қолдау және өзге адамға өмір сыйлау мүмкіндігін қамтитын маңызды мәселелер көтеріледі. Картинада күрделі шешім қабылдау қажеттілігіне тап болған пациенттердің, дәрігерлердің және отбасылардың шынайы оқиғалары баяндалып, көрерменді ағза донорлығының маңызы туралы ойлануға жетелейді.

«Жаңа Конституцияда өмір сүру құқығы әрбір адамның ажырамас әрі айырылмайтын құқығы ретінде бекітілген, ал азаматтарға денсаулықты сақтауға кепілдік берілген. Бұл нормалар мемлекетке денсаулық сақтау жүйесінің профилактикадан бастап уақтылы диагностикаға, жоғары технологиялық емдеуге және трансплантаттауға дейін адам өмірін сақтап қалудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға жауапкершілік жүктейді», – деді өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары.

Денсаулық сақтау министрлігінде мұндай әлеуметтік жобалардың донорлық мәдениетін қалыптастыруда және халықтың ақпараттану деңгейін арттыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

«Трансплантологияны дамыту тек инфрақұрылымды жетілдірумен және медициналық технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта қоғамның сенімі, азаматтардың ақпараттануы, азаматтық жауапкершілігі және қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін түсінуі де аса маңызды. Осындай фильмдер күрделі тақырыптарды ашық талқылауға жол ашып, қоғамның донорлық мәселесіне деген жауапты көзқарасын қалыптастырады әрі адам өмірінің жоғары құндылығын еске салады», – деді Ақмарал Әлназарова.

Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстанда трансплантология қызметін дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде ағзаны трансплантаттау отандық денсаулық сақтаудың ең жоғары технологиялық бағыттарының біріне айналды.

Егер 2023 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жетіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш еседен астам өсті. 2024 жылы 6 донорлық үдеріс жүзеге асырылса, 2025 жылы олардың саны 18-ге жетіп, нәтижесінде өмірлік маңызды ағзаларға 68 трансплантаттау жүргізілді. Бұл азаматтардың трансплантаттау жүйесіне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы бес жылдың ішінде елімізде шамамен 1 500 ағзаны трансплантаттау орындалды. Оның әрбір төртінші операциясы 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпені трансплантаттау бойынша 310 операция жасалды.

Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүректі трансплантаттау сәтті жүргізілді, бұл жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуындағы жаңа кезең болды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 150 ағзаны трансплантаттау орындалды. Оның ішінде 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе және 4 мөлдір қабықты трансплантаттау жүргізілді. Тірі донорлардан 121 трансплантаттау, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 29 трансплантаттау, оның ішінде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және мөлдір қабықты трансплантаттау жүзеге асырылды.

Биылғы жылдың алты айында 108 әлеуетті қайтыс болғаннан кейінгі донор анықталды. Оның ішінде жеті жағдайда бірнеше ағзаны бір мезгілде алу (мультиағзалық алу) жүргізіліп, кейін трансплантаттау жүргізуге мүмкіндік берілді.

Бүгінгі таңда электрондық үкімет порталы арқылы 172 283 азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның ішінде 16 109 адам келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.

2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша ағзаны трансплантаттауды күту парағында 4 739 пациент, оның ішінде 125 бала тіркелген. Оның ішінде 4 208 адамға бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе, ал 5 пациентке «жүрек–өкпе» кешенін трансплантаттау қажет.

Қазіргі таңда Қазақстандағы трансплантаттау қызметінің инфрақұрылымы 20 өңірді, 40 донорлық ұйымды және 11 трансплантаттау орталығын қамтиды. Соңғы екі жылдың ішінде шамамен 500 медицина қызметкері арнайы даярлықтан өтті, халықаралық клиникалық практикалар енгізіліп, трансплантаттау көмегін ұйымдастыру моделі жетілдірілуде.

Ағза донорлығы мәдениетін қалыптастыру – мемлекет, медицина қауымдастығы, азаматтық қоғам институттары және бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ міндеті.

Халықтың ақпараттану деңгейін арттыру және қоғамда ашық диалог жүргізу көптеген азаматтардың саналы шешім қабылдауына ықпал етеді. Ал мұндай шешім болашақта бүгін өмір сыйлайтын трансплантаттауды күтіп отырған жандарға үміт сыйлауы мүмкін.