ҰЛТТЫҚ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАНЫ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БАЛАЛАР ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ПУНКТІНДЕ 6,7 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

ҰЛТТЫҚ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАНЫ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БАЛАЛАР ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ПУНКТІНДЕ 6,7 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

2026 жылғы 16 ақпанда Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ашылған балалар травматологиялық пункті алғашқы айларда жарақаттармен, сынықтармен, буын шығуларымен және басқа да зақымданулармен келген 6 740 кішкентай пациентке медициналық көмек көрсетті.

Мамандандырылған балалар травматологиялық пунктінің ашылуы Астана қаласында балаларға шұғыл травматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Медициналық көмекке жүгінгендердің жалпы санының 4 042-сі (59,9%) – ұл балалар, ал 2 698-і (40,1%) – қыз балалар.

Өтініштерге жүргізілген талдау балалар жарақатының ең жиі себебі көше жарақаттары екенін көрсетті. Олардың үлесіне барлық жағдайлардың 45,2%-ы тиесілі. Екінші орында тұрмыстық жарақаттар (29,2%), одан кейін спорттық жарақаттар (11,8%), мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда алған жарақаттар (10,5%), сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары (2,4%) және жол-көлік оқиғалары салдарынан болған жарақаттар (0,7%) орналасқан.

Жүгінулер құрылымында ең көп кездескені – соғылулар мен байламдардың созылуы, олардың үлесі барлық жағдайлардың 52,8%-ын құрады. Әртүрлі орналасқан сүйек сынықтары пациенттердің 29,6%-ында, ал буын шығулары 10,7%-ында тіркелді.

Мамандандырылған балалар травматологиялық пунктінің жұмысы кішкентай пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін едәуір арттыруға, асқынулар қаупін төмендетуге және әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі жарақаттар кезінде емдеудің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде, балалар жарақатының алдын алу шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады.

Балалардың жарақаттану жағдайларының басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін ересектердің қырағылығы, спортпен шұғылдану кезінде қорғаныш құралдарын пайдалану, жол қозғалысы қағидаларын сақтау және балалардың ойын-сауығы мен демалысы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру аса маңызды.