
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандарынан құралған топ Жамбыл облысына акушерлік, гинекология және клиникалық эпидемиология қызметтеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік әрі практикалық көмек көрсету мақсатында жұмыс сапарымен барды.
Сарапшылар тобының құрамына UMC Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының, Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы жетекші босандыру ұйымдарының акушер-гинекологтары, анестезиолог-реаниматологтары мен эпидемиологтары кірді.
Үш күндік жұмыс барысында мамандар 14 медициналық ұйымға барды. Оның ішінде облыс орталығындағы төрт стационар, бес қалалық емхана, бес орталық аудандық аурухана (Шу, Талас, Сарысу, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандары), сондай-ақ Тараз қаласындағы медициналық колледж қамтылды.
Сапар барысында жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық-әдістемелік іс-шаралар кешені өткізілді.
Сарапшылар клиникалық тексерулер жүргізіп, пациенттерге консультациялық көмек көрсетті, дәрігерлерге практикалық қолдау білдірді, күрделі клиникалық жағдайларды талдап, жұмыс орындарында мастер-кластар өткізіп, өңірлік мамандармен тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, акушерлік және клиникалық эпидемиология саласындағы заманауи тәсілдерге арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысының 140-тан астам медицина қызметкері қатысты.
Жұмыс қорытындылары 3 шілде күні өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен өткен кеңесте шығарылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек өңірдің босандыру қызметінің негізгі буыны болып саналатын облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту және кадрлық әлеуетті нығайту қажеттігін атап өтті.
Сапар шеңберінде пациенттерге практикалық көмек көрсетуге де ерекше назар аударылды. Елдің жетекші реаниматологтары өңірлік мамандармен бірлесіп ауыр жағдайдағы пациенттерге консультация беріп, оларды әрі қарай емдеу тәсілін айқындап, медициналық ұйымдарға сараптамалық қолдау көрсетті.
Сарапшылар жүкті әйелдердегі қауіп факторларын уақтылы анықтау, пациенттерді тиімді бағыттау, сондай-ақ аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау мақсатында пәнаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша ұсынымдар берді.