
Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оның шеңберінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің үздік өкілдері марапатталды. Отандық медицинаның дамуына елеулі үлес қосқан дәрігерлер, мейіргерлер, ғалымдар, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің оқытушылары, фельдшерлер, провизорлар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мемлекеттік және салалық наградаларға ие болды. Кәсіби мереке еліміздің барлық өңірлерінен келген медицина қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Салтанатты рәсім барысында күн сайын адам өмірін сақтап, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізіп, медицина ғылымын дамытып, жаңа буын медицина қызметкерлерін даярлап жүрген мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді. «Медицина – жай ғана мамандық емес, бұл ерекше миссия. Бүгін біз сапалы медициналық көмектің көрсетілуіне, миллиондаған қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға және олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға үлес қосып жүрген жандарды құрметтейміз», – деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова. Республикалық конкурс қорытындысы бойынша «Үздік стационар дәрігері» атағы Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Руслан Абетовке берілді. Алматы қаласының дәрігері Мөлдір Сәрсембек «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» атанса, Алматы облысынан Наталья Потеряйко «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы болды.
«Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша Ақмола облысының дәрігері Аманжол Нурмухаметов жеңімпаз атанды. Ал Жамбыл облысының өкілі Арайлым Үйкекбай “Үздік денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметкер» деп танылды. Мейіргерлік іс мамандары арасында Ақтөбе облысынан Мейрамгуль Базарбаева «Үздік акушер», Қостанай облысынан Жиханкуль Бакиева «Үздік стационар мейіргері», Түркістан облысынан Нұрсәуле Оразалиева «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» атанды. Қызылорда облысының өкілі Гүлжан Жүсіпбаева «Үздік ауыл мейіргері» номинациясында жеңіске жетті. «Үздік фельдшер» атағы Ақмола облысының өкілі Асем Лятаеваға берілді. Медициналық білім беру мен ғылым саласының өкілдері де жоғары марапаттарға ие болды. «Үздік медициналық жоғары оқу орнының оқытушысы» номинациясында Батыс Қазақстан облысындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті өкілі Сауле Бермагамбетова жеңімпаз атанды. Ал Батыс Қазақстан облысынан Лаура Гусманова «Үздік медицина колледжі оқытушысы» деп танылды. «Үздік денсаулық саласындағы ғалым» атағы Қарағанды медицина университеті өкілі Гаянэ Атажановаға берілді. Астана қаласынан Нурбол Турсынбаев «Үздік денсаулық сақтау менеджері» атанды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында Қарағанды облысының өкілі Ляззат Секербаева мен Алматы облысының маманы Алия Жансеитова марапатталды. Шымкент қаласының өкілі Айгуль Адилбекова еліміздің «Үздік провизоры» деп танылды. «Бұл есімдердің әрқайсысының артында көп жылғы қажырлы еңбек, мыңдаған пациенттің тағдыры, жоғары кәсіби жауапкершілік пен өз ісіне адалдық тұр. Дәл осындай мамандар отандық денсаулық сақтау саласының жоғары беделін қалыптастырып, жас медицина қызметкерлеріне үлгі болады», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова. Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, медициналық білім мен ғылымды дамытуға, сондай-ақ мамандарды әлеуметтік қолдау жүйесін күшейтуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.