Алматыда Балаларды қорғау күніне орай балалар мен жасөспірімдерге арналған ауқымды іс-шаралар өтуде

Алматыда Балаларды қорғау күніне орай балалар мен жасөспірімдерге арналған ауқымды іс-шаралар өтуде

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласының медициналық ұйымдарында ашық есік күндері, профилактикалық акциялар және өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға әрі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Кішкентай пациенттер мен олардың ата-аналары үшін педиатрлар, стоматологтар, травматологтар, инфекционистер, невропатологтар, оториноларингологтар, акушер-гинекологтар және басқа да бейінді мамандардың тегін консультациялары өткізілуде. Іс-шараларға штаттан тыс бас мамандар, жетекші сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысуда.

Мүгедектігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Олар консультациялық көмекпен барынша қамтылып, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін үй жағдайында көшпелі тексерулер ұйымдастырылуда.

Қаланың медициналық ұйымдарында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру акциялары, ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған диалог алаңдары, сурет байқаулары, спорттық жарыстар және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілуде. Бастамаға салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтары да қосылды.

Сонымен қатар, Балаларды қорғау күнін мерекелеу шеңберінде бірқатар медициналық ұйымдарда Құзыреттер орталықтарының ашылуы жоспарланған. Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында Балалар инфекциялық аурулары бойынша құзыреттер орталығы жұмысын бастайды. Оның қызметі мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіруге, телемедицина технологияларын дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және үздік клиникалық практикаларды енгізуге бағытталады.

Сондай-ақ Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында және №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында Құзыреттер орталықтарын ашу жоспарланған.

Өткізіліп жатқан іс-шаралардың басты мақсаты – балалар мен жастардың физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ауруларды уақтылы анықтауға және өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасау болып табылады.