ҮШ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРІСКЕ ҚҰЙЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ҮШ ЕСЕДЕН АСТАМ ӨСТІ

ҮШ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРІСКЕ ҚҰЙЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ҮШ ЕСЕДЕН АСТАМ ӨСТІ

Қазақстан фармацевтикалық өнім өндірісіне инвестиция тарту бойынша тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Егер 2023 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 46,9 млн АҚШ долларын құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық өсіп, 91,3 млн долларға жетті. 2025 жылы да инвестициялық белсенділіктің жоғары қарқыны сақталып, инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетті.

«Инвестициялар өндірістерді жаңғыртуға, қуаттылықтарды кеңейтуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін жергіліктендіруге бағытталуда. Бұл инвесторлардың Қазақстанның фармацевтика саласына деген сенімінің тұрақты өсіп келе жатқанын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді», — деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Денсаулық сақтау министрлігі ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыру бойынша шараларды іске асыруды жалғастыруда.

Құндық мәнде отандық өнімнің үлесі:
2023 жылы — 14,4%;
2024 жылы — 15,1%;
2025 жылы — 15%-ды құрады.

Сонымен қатар дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу қазақстандық өндірушілердің нарықтағы нақты үлесінің кең екенін көрсетті.

Дәрілік заттардың айналымын есепке алуға мүмкіндік беретін таңбалау және қадағалау жүйесі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Осы жүйенің шеңберінде қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8%-ға жетіп, отандық компаниялардың нарықтағы сандық көлем бойынша айтарлықтай қатысуын айғақтады.

2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор арқылы отандық өндірушілер өнімдерін сатып алу үлесі 32%-ға жетті. Бұл жергілікті өндірістің дамуын және Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігінің нығаюын көрсетеді.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру жалғасатыны атап өтілді.