ҚАЗАҚСТАНДА АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН 540 000 БРОШЮРА ЕМХАНАЛАРҒА ТАРАТЫЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН 540 000 БРОШЮРА ЕМХАНАЛАРҒА ТАРАТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамалық қолдауымен және LEGO қорының қаржылық қолдауымен еліміздің 20 өңіріндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына ата-аналарға арналған 540 000 брошюраны жеткізу жұмысын аяқтады.

«Отбасын қолдау және баланың өмірінің алғашқы күндерінен бастап денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі. Ата-аналардың балалардың дамуы, аурулардың алдын алу және денсаулықты нығайту мәселелері бойынша сенімді әрі түсінікті ақпаратқа қол жеткізуі өте маңызды. Бұған дейін жарық көрген Қалта анықтамалығы медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандары тарапынан денсаулықты нығайту, аурулардың алдын алу, профилактикалық тексерулер жүргізу, жағдайларды ерте анықтау және ата-аналар мен жасөспірімдерге консультация беру мақсатында қолданылып келе жатқанын еске саламын», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Брошюралар ДДҰ-ның балалар мен жасөспірімдерге медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету жөніндегі Қалта анықтамалығының ұлттық бейімделген нұсқасы негізінде әзірленген және баланың денсаулығы мен дамуына қатысты: вакцинациялау, ана сүтімен қоректендіру және тамақтану, ұйқы режимі, ерте даму, физикалық белсенділік, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қолдау сияқты негізгі мәселелерді қамтиды. Ақпарат қарапайым тілде беріліп, ата-аналар күнделікті кездесетін жағдайларға бағытталған.

«Біз болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бастамасын қуана қолдаймыз. Ата-аналарды қолжетімді әрі ғылыми негізделген ақпаратпен қамтамасыз ету арқылы біз олардың балалар денсаулығы мен дамуына қатысты өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап сенімді шешім қабылдауына көмектесеміз», – деді Қазақстандағы ДДСҰ өкілі доктор Скендер Сыла.

Балалар денсаулығын сақтау жүйесін жаңғырту шеңберінде соңғы бір жылдың ішінде елімізде 370-тен астам ерте даму және ерте араласу орталықтары мен педиатриялық бөлімшелер ашылды. Бұл балаларға кешенді көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде көрсетуге мүмкіндік береді.

4 мыңға жуық патронаждық мейіргер әмбебап-прогрессивті модель бойынша балалары бар отбасыларға жәрдем көрсетуде.

Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында ана өлімі 6 есеге, нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті.