
Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Санкт-Петербург Әкімшілігімен Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық бойынша бейнеконференцияға қатысты. Тараптар одан әрі ынтымақтастықты талқылап, коронавирус инфекциясын алдын-алу бағытында тәжірибе алмасты.
"Бүгінде Қазақстан мен Ресей Денсаулық сақтау саласында тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Екі ел арасындағы ынтымақтастық тұрақты әрі маңызды сипатқа ие", - деп атап өтті Е.Қиясов өз сөзінде.
Ол 2019 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталғанын, оның нәтижесінде күтілетін өмір сүру ұзақтығы бір жылға 73,15 жасқа дейін, ал халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі 42% - дан 48% - ға дейін өскенін хабарлады. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда.
«2026 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұзарады, мезгілсіз өлім қаупі 15,43% дейін төмендейді, ал тұрғындардың денсаулық жағдайы негізгі көрсеткіштер бойынша жақсарады», - деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітімнің негізгі себептері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде, тиісті үйлестіру кеңестері төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді, қатерлі ісікке қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспары, ана мен бала өлімін азайту бойынша жедел шаралар қолға алынған. Мемлекеттік желі стандарты, сондай-ақ 2025 жылға дейін әр аймақтың денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары бекітілді. Денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар 61-ден 119 миллиард теңгеге дейін айтарлықтай өсті, оның 42% -ы жеке инвестициялар. Медициналық қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 300 мың денсаулық сақтау қызметкерінің жалақысы 30% көтерілді.
Сонымен бірге, Е.Қиясов пандемия Денсаулық сақтау министрлігінің қызметіне белгілі бір түзетулер енгізіп, оны COVID-19 таралуын болдырмауға бағыттағанын айтты.
"Пандемияның алғашқы апталарынан бастап Қазақстан Үкіметі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфекцияның таралуына қарсы іс - қимыл жөніндегі шараларды әзірлеуге барлық күш-жігерін жұмсады", - деп атап өтті вице-министр.
Осыған байланысты ол әріптестерін Қазақстан Республикасының коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті.
Сонымен бірге, екіжақты ынтымақтастық туралы айта келе, Е.Қиясов Қазақстан мен Санкт-Петербургтың денсаулық сақтау саласындағы байланысты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Ол тараптар өзара тиімді перспективалы бағыттарды бірлесіп атқара отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға дайын екендігін білдірді.
Атап айтқанда, вице-министр 2017-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау, медицина және фармация саласындағы ынтымақтастық туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Санкт-Петербург үкіметі арасында жүзеге асырылып жатқан Жол картасы шеңберіндегі қызметті жаңартуды ұсынды
Жиынға Ресей тарапынан Санкт-Петербургтің Сыртқы байланыстар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Хлутков, Денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Евгений Антипов, Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің "Боткин атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы" бас дәрігері Денис Гусев, Қазақстан тарапынан Нұр-сұлтан қаласындағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Анна Цепке қатысты.