
Бүгін Түркияның денсаулық сақтау жөніндегі Ғылыми Кеңесінің төртінші отырысы аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бірқатар кездесу өткізді.
А. Цой ДДСҰ Еуропалық бюросының өңірлік директоры Ханс Клюгемен кездесу барысында әріптестеріне түрлі бағытта, соның ішінде COVID-19-ға қарсы күрес бойынша ЕвроДДСҰ тарапынан Қазақстанға көрсетілген техникалық қолдау үшін алғыс білдірді.
Денсаулық сақтау министрі тараптардың ДДСҰ Еуропалық бюросымен барлық бағыт бойынша, оның ішінде Қазақстанның Өңірлік комитеттің Тұрақты комитеті құрамы аясында жемісті ынтымақтастыққа мүдделі екеніне сенім білдірді.
«Біз қарашаның аяғы - желтоқсанның басында МСАК бойынша Достар тобына мүше елдерді шақырып, ДДСҰ-ның жаңартылған 73-сессиясының нәтижелері бойынша ДДСҰ-мен бірлесіп МСАК жөніндегі Астана декларациясын және МСАК-тың Операциялық тетігін насихаттау мақсатында онлайн жиын өткізуге мүдделіміз. Сондай-ақ, 2021 жылдың қыркүйегінде ДДСҰ Еуропалық өңірлік Комитеті деңгейінде МСАК-тың 14 тетігін қолдау үшін МСАК қарарын қабылдауды ұсынғым келеді», - деді А. Цой.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшысының ұсынысы бойынша тараптар 2022 жылғы мамырда ДДСҰ сессиясында қабылдануы мүмкін «Төтенше жағдайларды шешудегі МСАК рөлі - COVID-19 пандемиясынан алған сабақ» қарарын бірлесіп дайындау мүмкіндігін талқылады.
А. Цой түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) Бас хатшысы Бағдад Әміреевпен де кездесті.
«Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі денсаулық сақтау саласына қатысты өте маңызды мәселелер көтерді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 10 сәуірде түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезектен тыс саммитінде қабылданған Баку декларациясының негізгі қағидаттарын іске асыруды толық қолдайды, оған сәйкес біз халықаралық қоғамдастықты пандемияның алдын алу және жою жөніндегі бірыңғай және шұғыл шараларды қабылдауда жаһандық ынтымақтастыққа; тәжірибе алмасуды ынталандыруға және осы жаһандық апатқа қарсы күресте ғылыми-техникалық және медициналық әлеует пен күш-жігерді біріктіруге шақырдық», - деді А.Цой.
Ол COVID-19 пандемиясының әлеуметтік және экономикалық әсері, медициналық ұйымдардағы эпидемиологиялық менеджмент, COVID -19 жұқтырған пациенттерді диагностикалау, емдеу және күту, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б. мәселелерін талқылау бойынша денсаулық сақтау жөніндегі ғылыми топтың кезекті отырысын өткізу ТМЫК мүшелері үшін ғана емес, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды және өзекті екенін айтты. Сонымен қатар, министр Түркі кеңесінің денсаулық сақтау саласындағы перспективалы бағыттар, атап айтқанда медицина ғылымындағы жетістіктермен алмасу және т.б. бойынша қызметі аясында әріптестікті жандандыруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, А. Цой Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахретин Коджа мырзамен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, фармация саласындағы ынтымақтастық, денсаулық сақтауды цифрландыру мәселелерін талқылады.
«Қазір қол қойылған Меморандумдар аясында түрік компанияларының көмегімен Нұр-Сұлтан, Петропавл, Түркістан және Қостанай қалаларында 4 көпбейінді аурухана құрылысының жобасын іске асыру сөз болды», - деді Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі медициналық білім беруді дамыту және денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті арттыру. Осыған байланысты тараптар Семей медициналық университеті мен Baskent University арасындағы табысты стратегиялық серіктестікті атап өтті.