Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті депутаттар!
Сіздерді Сенатқа сайланғандарыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз! Денсаулық сақтау саласы бойынша заң шығару қызметінде бірге табысты ынтымақтастыққа жететінімізге үміт білдіремін! Қазақстан халқының игілігі үшін Сіздердің қызметіңізге шын жүректен табыс тілеймін.
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығы шеңберінде медициналық бұйымдардың айналысын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы
29 мамырдағы шартқа сәйкес және 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады, келісім 2016 жылғы 12 ақпанда күшіне енген.
Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы
4 Хаттамамен мақұлданды.
Ратификациялау мақсатында Сіздерге қарау үшін №1 және №2 Хаттама енгізіліп отыр.
Сонымен қатар қалған екі Хаттама мемлекетішілік келісу мен қол қою кезеңінде.
Қаралып отырған №1 Хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдарға Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркемей Қазақстан Республикасы аумағында еркін айналыста болуына мүмкіндік береді.
Ұлттық заңнама бойынша 10 мың медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ.
Қаралып отырған №2 Хаттаманы ратификациялау жобасы ұлттық тіркеуді 2022 жылдың аяғына дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік берді.
Медициналық бұйымдарды ұлттық тіркеу мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі шара Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің медициналық бұйымдарды өндірушілерінің толық дайын болуы үшін жеткілікті болмағанын атап өту қажет.
Соған байланысты бизнес-қоғамдастықпен, оның ішінде отандық медициналық бұйымдарды өндірушілермен бірлесіп, ұлттық тіркеуді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін №4 Хаттамаға бастама жасалды.
Жоғарыда көрсетілген хаттамаларда баяндалған ұсыныстар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес мемлекет сарапшыларының деңгейіндегі жұмыс топтарында талқыланып, Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасы мен Кеңесінде қаралып, қолдау тапты.
№1 және №2 Хаттамалар мүдделі мемлекеттік органдармен, бизнес қоғамдастығымен және қоғамдық ұйымдармен талқыланып, келісілді.
Құрметті депутаттар! Қазақстан Республикасының нарығында медициналық бұйымдар тапшылығының туындауына жол бермеу мақсатында №1, №2 Хаттамаларды ратификациялауды қолдауды сұраймыз.
Назарларыңызға рахмет!