"Қалалық және ауылдық тұрғындар арасындағы медициналық қызметтердің қол жетімділігіндегі дисбалансқа және ауылдық жерлерде сақтандырылмаған азаматтардың көп болуына байланысты денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулердің жаңа пакеттерін енгізуді қарастыруда", - деп хабарлады бүгінгі ОКҚ брифингінде Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйім Біржанова.
"Ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізу үшін 18 жастан бастап жаңа мақсатты топтарды анықтау арқылы халықты қамтуды арттыру қарастырылған. Бұған дейін жастар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған болатын", - деп хабарлады МКҰД директорының орынбасары.
Оның айтуынша, кәсіби тексерулерді жүргізу үшін 4 мақсатты топ анықталды: "Жастар" 18-29 жас аралығында, "Еңбек – 1" 30-44 жас аралығында, "Еңбек – 2" 45-65 жас аралығында және "Зейнеткер" 66 жастан жоғары.
Профилактикалық тексеру жүргізу үшін клиникалық-диагностикалық қызметтер тізбесі кеңейтілді, мысалы, қан мен несепті жалпы клиникалық зерттеулер енгізілді, глаукоманы ерте сатысында анықтау үшін Еңбек – 1 нысаналы тобында 30 жастан бастап көзішілік қысымды зерттеуді бастау көзделген. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, қуықасты безі, асқазан-ішек жолы органдары мен бүйрек ауруларын ерте анықтау мақсатында жаңа зерттеулер енгізілді.
Бұдан басқа, өзгерістер мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексеруді жүргізу қағидаларына, көлеміне және мерзімділігіне қатысты болады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің жаңа қағидаларын әзірлеуде, оған сәйкес жоспарлы және шұғыл көмек көрсету бағыты, созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау қайта қаралады, онкологиялық науқастарға арналған тексерулер тізбесі кеңейтіледі.
Қ.Біржанованың айтуынша, тиісті бұйрық жобасында ТМККК шеңберінде мамандандырылған медициналық қызметтер тізбесіне енгізілген 170 медициналық қызмет, сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберінде тізбеге енгізілген 3766 медициналық қызмет көзделген. Онкологиялық науқастар үшін жалпы клиникалық зертханалық, серологиялық, иммунологиялық, гистопатологиялық, радиометриялық және басқа зерттеулерге 206 медициналық қызмет тізбесін кеңейту көзделген.
Бұған дейін хабарланғандай, "100 күн-100 сұрақ" әлеуметтік жобасы аясында азаматтар амбулаториялық деңгейде пациенттердің бағыты бойынша НҚА жетілдіруге, амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмекті ұйымдастыруға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, кадрлардың біліктілігін арттыруға және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.
Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі халық үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін НҚА (стандарттар, қағидалар, емдеу хаттамалары және т.б.) жетілдіруді қоса алғанда, бірқатар тиісті шаралар қабылдауда.
МКҰД ақпараты бойынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық медициналық ұйымдары бейіндер бөлінісінде барлық деңгейлерде пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидалары мен стандарттарын басшылыққа алады.
Бүгінгі күні елімізде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың 70-тен астам қағидалары (алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары; жеке тұлғаларды МСАК-қа бекіту, медициналық оңалту; мейіргер күтімі; туберкулездің профилактикасы; Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде шетелдік мамандарды тарту қағидалары және басқа да қағидалар) қолданылады. Сондай-ақ барлық бейінді қызметтер (онкология, кардиология, акушерия-гинекология, педиатрия, неврология, нейрохирургия, травматология-ортопедия, стоматология және т.б.) бойынша медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың 40-тан астам стандарты қолданылады.
2021 жылы Қор азаматтардан түскен 863 мыңнан астам өтінішке жауап берді, сұрақтардың көпшілігі консультативтік сипатта болды. ТМККК және МӘМС бойынша медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың атына 15,5 мыңнан астам өтініш егжей-тегжейлі қаралды. Олар бойынша Қор пациенттердің уақытылы және сапалы медициналық көмек алу құқығын қорғағанын брифинг барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмектің сапасын бағалау департаментінің директоры Ләззат Шоманова хабарлады.
Ол әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысының басты бағыттарының бірі халықпен кері байланыс екенін атап өтті.
"2022 жылдың 1 тоқсанында 208,5 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері бойынша 5,5 мыңнан астам өтініш. Ең алдымен, бұл өтініштер сапасыз медициналық көмек көрсету, медициналық көмек көрсетуден бас тарту, медициналық көмекті ұзақ күту, ең алдымен КДК, ТМККК және МӘМС бойынша тиісті дәрі-дәрмектерді беруден бас тарту, медициналық этика мен деонтологияны бұзу мәселелеріне қатысты болды", - деп хабарлады Ләззат Шоманова.
Спикер атап өткендей, Қорға жүгінулер санының өсуі пациенттерді тиісті сүйемелдеудің және пациенттерді қолдау қызметтері тарапынан тікелей медициналық ұйымдарда бақылаудың жоқтығын, өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесінің пациенттің мұқтаждықтарына жауаптылығының төмендігін көрсетеді.
"6 өңірде халықтың өтініш беру жиілігі орташа республикалық деңгейден – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында айтарлықтай жоғары",-деп қосты Ләззат Шоманова.
"2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті азаматтардың 4 мыңнан астам өтінішін қарап, оның ішінде 1,4 мыңы бойынша тексеру жүргізді", - деп хабарлады МФБК төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.
"Комитет 5685 өтінішті тіркеп, 4070-ін немесе 72%-ды қарады, оның ішінде 1449 тексеру жүргізілсе, негізделгені – 31,2%", - деді Л.Ахметниязова.
Осылайша, өтініштердің 70% - ы сапасыз емделуге және тексерілуге байланысты.
"Жоспардан тыс тексерулердің сапасын қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз сарапшылар мен бейінді мамандар тартылуда, 2021 жылы тексерулердің 80% - ы тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүргізілді", - деп толықтырды МФБК төрағасының орынбасары.