«Turar Healthcare» КеАҚ «Медицина саласының кәсіби терминологиясын мемлекеттік тілге аударудағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

«Turar Healthcare» КеАҚ «Медицина саласының кәсіби терминологиясын мемлекеттік тілге аударудағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

 

 Ағымдағы жылғы 30 маусымда онлайн форматта Қазақтан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Turar Healthcare» КеАҚ Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын іске шеңберінде «Медицина саласының кәсіби терминологиясын мемлекеттік тілге аударудағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – медицина саласындағы терминдердің мағынасын толыққанды түсіну үшін олардың сөз жасамдық және морфологиялық құрылымын талдау, кәсіби терминологияның мағынасын қазақ тілінде кәсіби дәлдікпен жеткізу ғана емес, сонымен қатар медицина саласындағы білімнің сапасын қамтамасыз ету мәселесін талқылау, тіл мамандарының тәжірибе алмасуы және қарым-қатынас жасауы үшін алаң құру.

Аталған іс-шараға медицина саласында білім беретін оқу орындарының оқытушылары,  денсаулық сақтау мекемелеріндегі мемлекеттік тіл мамандары, аудармашылар, ҚР ДСМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері қатысты, жалпы қамтылым  – 67 адам.

Іс-шараны  Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Әнуарбекқызы Алданғорова құттықтау сөзімен ашты.

Дөңгелек үстел бағдарламасына сәйкес С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тілдік пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а. – Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы «Медициналық терминдерді қазақ тіліне аударудың басты ұстанымдары» тақырыбында, Патологиялық анатомия кафедрасының профессоры – Ахметов Жауғашты Байназарұлы «Медициналық терминдерді талдаудағы жасанды интеллектің орны» тақырыбында, Микробиология, вирусология кафедрасының ғылыми атақсыз қауымдастырылған профессоры, м.ғ.к. – Бегадилова Толқын Сембайқызы «Медицина терминдерін жасанды интеллектті пайдаланып аудару кезінде туындаған мәселелер» тақырыбында, С.Р.Қарынбаев атындағы қалыпты анатомия кафедрасының профессор ассистенті – Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы «Анатомия терминдерін мемлекеттік тілге аударудағы өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, ұжымдарымен белсенділік танытты.

 «Семей медицина университеті» КеАҚ ҚР ДСМ Терминологиялық комиссиясының  мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т.А.Назарова атындағы физиология пәндер кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к. қауымдастырылған профессорлары – Рақыжанова Сәуле Орынғазықызы және Иманбаев Мерей Нуриденұлы «Жүрек-қантамылар саласы бойынша қазақ тілінде терминдер жасау мәселелері және жасанды интеллект (ЖИ) аудармаларының ерекшеліктері» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.

Шымкент қаласының ДСБ «Жоғары медицина колледжі» ШЖҚ МКК қазақ тілі пәнінің оқытушысы – Дәрібаева Гүлмира Әбілқасымқызы «Медициналық терминологияның  қазақ тіліндегі баламасының мағынадан ауытқу тұстары» тақырыбындағы, ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылым денсаулық сақтауды дамыту орталығы» Алматы қалалық филиалының медициналық-статистикалық талдау және сараптама бөлімінің маманы – Жұмаханова Аружан Еділқызы «Қазақ тіліндегі медициналық білім беру: терминологиялық база мен сапалы аударманың рөлі» тақырыбындағы, ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Жетісу облыстық филиалының Іс-жүргізу жөніндегі бас маманы – Сүлейменова Әсел Еркінғазықызы «Медицина саласындағы терминдерді қазақ тіліне бейімдеудегі тәжірибелік қиындықтар мен шешу жолдары: Іс жүргізу құжаттарындағы нақты мысалдар негізінде» тақырыбындағы мәселелерді қозғады.

«Turar Healthcare» КеАҚ Әкімшілік департаментінің бас маманы Төлеуова Гауһар Таңатқызы «Терминдердің мағынасын түсінудегі сөз жасамдық және морфологиялық құрылымның орны» тақырыбындағы мазмұны ауқымды презентация барысында бірқатар күрделі және туынды терминдердің латын тіліндегі морфологиялық құрылымын талдау арқылы қазақ тіліндегі мағынасын түсіндіріп берді.

Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

 
Дата публикации
06 августа 2025