Медициналық терминдерді жасанды интеллект талаптарына сай бірегейлендіру
2025 жылғы 05 маусымда Терминологиялық комиссия «ANaMed Forum - New Generation 2025» халықаралық форумы шеңберінде «Медициналық терминдерді жасанды интеллект талаптарына сай бірегейлендіру» тақырыбында маңызды іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты - медициналық терминологияны бірегейлендіру жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданудың өзектілігін талқылау және бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру.
Бұл ретте Терминологиялық комиссия мүшелері мен оқытушылар М. Ерғазина, С. Измайлова, А. Алдангорова және Ж. Ахметов өз сөздерінде медицина ғылымының қазақ тілінде дамуында жасанды интеллекттің рөліне, әсіресе медициналық терминдерді бірегейлендірудегі маңыздылығына ерекше тоқталды. Спикерлер ғылымы дамыған АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп отырғанын, Қазақстанның әлемдік ғылым көшінен қалмауы үшін жасанды интеллектті пайдаланудың аса қажеттілігін атап өтті.
Министрліктің өкілі нормативтік құқықтық актілердің әзірлеушілері ретінде Денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде жиі қолданылатын терминдер тақырыбында, ҚР ДСМ терминологиялық комиссия мүшесі Б. Шәкенов «Анатомиялық терминдерді жасанды интеллект талаптарына сай бірегейлендіру» тақырыбында баяндама жасап, әртүрлі оқу орындарындағы анатомиялық оқулықтардағы терминдерді ретке келтіруде жасанды интеллект зор көмегі болатынын атап өтті. М. Оспанов атындағы БҚМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к. Ж. Көмекбай «Гистологиялық терминдердің морфологиялық және этимологиялық сипаттамалары», ал С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к. М. Ерғазина «Баламасы көп гистологиялық терминдер» тақырыбында баяндамалар жасады, соның ішінде гистологиядағы терминдердің оқулықтарда әртүрлі қолданылу мәселесін көтерді және оларды бірегейлендендірудің негізгі ұстанымдарын ұсынды.
Академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының оқытушылары А. Чуенбекова, А. Кожахметова тағамтану саласындағы терминдермен, ҚазҰМУ қалыпты физиология және медициналық физика кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Н.М. Алмабаева, В.О. Абдрасилова, Г.Е. Байдуллаева медициналық физиканы оқыту әдістемесіндегі терминдік сөздердің қолданысы туралы пікірлерімен бөлісті.
Аталған Іс-шарада қарастырылған медициналық терминологияны жасанды интеллект арқылы бірегейлендіру өзекті мәселесі қазақ тіліндегі медицина ғылымының дамуына және медициналық терминологияны бірегейлендірумен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.