Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының денсаулық сақтау жүйесінде
2024 жылы орындалу барысы туралы ақпарат
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – ҚР ДСМ) «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысы шеңберінде «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі 2023 – 2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аппарат басшысының 2023 жылғы 20 қарашадағы № 685 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР ДСМ 2025 жылғы 17 наурыздағы №178 бұйрығына сәйкес мынадай іс-шаралар іске асырды.
Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
2024 жылы денсаулық сақтау жүйесінде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыруда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атаулы мерейтойлық күндерін атап өту қарсаңында республикалық деңгейде 10 іс-шара, ал өңіраралық, өңірлік деңгейде 15 іс-шара өткізілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Денсаулық сақтау жүйесінде тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарының арасында «Мемлекеттік тіл-менің тілім» республикалық конкурс өткізіліп, 2024 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова залында жеңімпаздар «Үздік медициналық ұйым», «Үздік сайт» аталымдары бойынша дипломдармен және алғыс хаттармен, «Даналық», «Тіл жанашыры», «Үздік тіл маманы», «Жас дарын», «Талаптыға нұр жауар», «Тіл ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.
Іс-шара мақсаты денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және тіл саясатын жүзеге асыру. Аталған конкурсқа 40 денсаулық сақтау ұйымы қатысып, 10 өңірден жеңімпаздар анықталды. Аталған іс-шараға ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді басқармасының басшысы, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларының, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Абай, Жетісу облыстарының жеңімпаздары мен тіл жанашырлары, белгілі қоғам қайраткерлері, профессор, ф.ғ.д., Анар Салқынбай, ҚР ДСМ Терминологиялық комиссиясының мүшелері, серіктес ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
26 қыркүйекте ҚР ДСМ «Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК «Жалпы медицина, оның ішінде травматология және ортопедия саласындағы терминология мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік тілді нығайту, медициналық терминдердің қазақшалануы, оларды біріздендіру бойынша нақты талаптарды талқылады. Іс-шарада медициналық терминологияны біріздендіруге қатысты көптеген мәселелерді қамтитын баяндамалар ұсынылды.
Сарапшылар анатомиялық терминдерді қазақ тіліне аудару мен стандарттаудың күрделілігін талқылады, сондай-ақ травматология және ортопедия саласындағы терминдерді аудару кезінде жиі кездесетін қателіктерді жою бойынша ұсыныстар әзірледі. Тірек-қимыл аппаратының ауруларын сипаттайтын терминдерді дәл саралаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
2 қазанда Ұлттық нейрохирургия орталығында «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты медициналық мекемелерде мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері, қазақ тілінде медициналық терминдерді қалыптастыру жолдары, сондай-ақ саладағы нормативтік құқықтық актілерді қолдана отырып, аудармадан құжаттарды дайындауға көшу, оқыту әдістемесін Қазтест жүйесінің әдістемелік кешеніне сәйкестендіру, денсаулық сақтау жүйесінің мамандарына арналған сөздік минимум әзірлеу.
Сонымен қатар іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының ведомстволық бағынысты ұйымдарының 28 маманы офлайн және 51 адам онлайн форматта, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК мамандары қатысты. Дөңгелек үстел барысында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ жетекші маманы Абирова Жанар Тұрсынқызы, «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» баяндамасында Орталықтағы тілді дамытудың жай-күйі мен оқыту әдістемесімен бөлісті, ҚР ДСМ Терминология комиссиясының мүшесі, сарапшы-дәріскер Мыржықбаева Анар Бейсенқызы «Кәсіби қазақ тілі курстарын ұйымдастыру» баяндамасында өзі әзірлеген әдістемесімен бөлісіп, қызу пікірталас туғызды. Л.Н. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университетінің доценті Жұмадилова Мейрамгүл Нұрмағамбетқызы «Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу барысында кездесетін тілдік қиындықтар», Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ Тілдерді оқыту және әдістемелік жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Жүнісова Салтанат Ермекқызы «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету» тақырыптарында ой өрбітті. С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ доценттері Зайсанбаев Төлеубек Қызтаұлы, Қожахметова Фарида Бақытжанқызы «Қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыру жолдары» тақырыбында қатысушыларға маңызды ақпараттар берілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.
7 қарашада С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ұйымдастырған «Сапалы құжат: ұлттық стандарттарға негіздеген ісқағаз» атты республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жеңімпаз атанған ұйымдар:
«Үздік ғылыми-зерттеу ұйымы» - ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы;
«Үздік медициналық білім беру ұйымы»: үздік арнаулы орта медициналық білім беру ұйымы - Түркістан жоғары медициналық колледжі; үздік қосымша кәсіби білім беру ұйымы - Ұлттық нейрохирургия орталығы; үздік жоғары медициналық білім беру ұйымы - Қарағанды медицина университеті;
«Үздік амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйым»: І дәрежелі диплом - Абай облысы Семей қаласы №2 емханасы; ІІ дәрежелі диплом - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №3 қалалық емханасы; ІІІ дәрежелі диплом - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №16 қалалық емханасы.
«Үздік стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйым» - Павлодар облыстық ауруханасы;
«Үздік жедел медициналық көмек ұйымы» - Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы;
«Үздік медициналық оңалту ұйымы» - Алматы қаласы ҚДСБ «Балаларды ерте оңалту орталығы» ШЖҚ КМК;
«Үздік қан қызметі»: І дәрежелі диплом - Республикалық қан орталығы; ІІ дәрежелі диплом - Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы; ІІІ дәрежелі диплом - Абай облысы ДСБ «Облыстық қан орталығы» ШЖҚ КМК.
Сондай-ақ «Алау» оңалту орталығының ұжымы аталған іс-шара шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен тіл мамандары үшін «Құжаттама жасау және құжаттаманы басқару» атты семинар ұйымдастырды.
Министрліктің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №885 бұйрығының 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2024 жылғы 8 қарашада С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Жауғашты Байназарұлы Ахметовтың 80 жылдық және С.Р.Қарынбаев атындағы анатомия кафедрасының доценті Бауыржан Шәкенұлы Шәкеновтың 70 жылдық мерейтойларына орайластырылған «Терапия саласының қазақша терминдерін біріздендіру мәселелері» атты республикалық терминологиялық конференция өтті.
Конференцияда терапия саласының терминдерін талқылау, терапия саласының қазақ тіліндегі оқу құралдарына, тестілердің берілуіне және т.б. талдаулар жүргізу, медициналық ЖОО-лардың терминологиялық топ жетекшілері мен мүшелерінің атқарып жатқан жұмыстарының есептері қарастырылды.
Конференцияда терапия саласында шешімін таппай жүрген терминдер талқыланып, оларды біріздендірудің теориялық жақтары жан-жақты талқыланды. Сала мамандары, сарапшылар мен тіл мамандары бірлесе отырып терапия терминдерінің қызу талқыдан өткізді. Жас мамандардың белсенділігі профессорлар мен тәжірибелі оқытушылардың қолдауына ие болды.
Конференция соңында Терминологиялық комиссия мүшелері және медициналық терминдердің қазақ тілінде сөйлеуіне және оның мәртебесінің жоғарылауына зор үлес қосып жүрген денсаулық сақтау жүйесінің мамандары Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Салалық көтермелеу қағидаларына сәйкес және С.Асфендияровтың 135 жылдық мерейтойына орай мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
29 қарашада «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-да республикалық деңгейде «Хирургиялық терминдерді қазақ тіліне аударудағы мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара шеңберінде қазақ тіліндегі хирургиялық терминдердің ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізіліп, баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, ҚР ДСМ медициналық терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ терминологиялық комиссия төрағасы, патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Жауғашты Байназарұлы Ахметов - «Хирургиялық терминдерге байланысты ой-пікірлер», Астана медицина университеті, қалыпты физиология кафедрасының профессоры Салима Сайфоллақызы Ибраева – «Хирургия саласындағы терминдерді біріздендіру жолдарын жетілдірудің өзекті мәселелері», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Анатомия кафедрасының доценті, ҚР ДСМ терминологиялық комиссиясының мүшесі Бауыржан Шәкенұлы Шәкенов – «Хирургияда қолданылатын анатомиялық терминдерді біріздендіру мәселелері», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Тілдік пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, ф.ғ.к. Төлеубек Қизатұлы Зайсанбаев – «Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі және халықаралық терминдерді қазақ тіліне бейімдеу жолдары», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, биофизика курсы бар қалыпты физиология кафедрасының профессор ассистенті Диас Дүкенбайұлы Жүністай – «Термин жасау мен аудармалардағы шешімін таппай жүрген мәселелер», «ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК мемлекеттік тілді дамыту маманы, ф.ғ.к. Айгүл Жақсылыққызы Өтен – «Хирургиядағы қазақ тілі», ҚР ДСМ терминологиялық комиссиясының мүшесі, сарапшы-дәріскер Анар Бейсенқызы Мыржықбаева - «Хирургиялық терминдердің заңнамалық және нормативтік құқықтық аспектілердегі қолданылуы» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара соңында мемлекеттік тілдегі хирургиялық терминдердің бірыңғай глоссарийін әзірлеу қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінді, сондай-ақ өңірлік медициналық мекемелер, ғылыми орталықтар мен медициналық ЖОО-лар, медицина колледждері және тіл мамандары, аудармашылар мен лингвисттер арасында жалпыға ортақ терминологиялық алаң құру мүмкіндіктері талқыланды.
9 желтоқсанда Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Атырау жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен медицина саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «Сөз қуаты шипа болар әр емге» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараның алғашқы кезеңі жүректен шыққан шынайы сөздің дертке шипа екендігін дәріптейтін сахналық қойылыммен басталды.
Дөңгелек үстелге Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Абилова Алмагул Исламқызы, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуаныш Айгүл Базарбайқызы, Индер аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Хасанов Ұлықбек Мерғалымұлы және Жылой аудандық орталық емхананың мейіргері Хасанова Милана Ринатқызы қатысып, мемлекеттік тілдің медициналық ұйымдарында қолданылу сапасы, медицина бағытында қазақша контентті дамыту сияқты мәселелер қозғалып, дөңгелек үстел қатысушылары өзара пікір алмасты.
20 желтоқсанда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында медицина терминдердің аударылу тәсілдері мен қолданысы, терминдерге тән талаптарды сақтау жөнінде тәжірибе алмасу мақсатында «Тіл - мемлекет тірегі және медицина саласындағы терминология» тақырыбында республикалық деңгейде дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы мамандары, республикалық, өңірлік медициналық ұйымдардың, ұлттық орталықтардың тіл мамандары, жоғары медициналық білім беру ұйымдардың оқытушылары мен аудармашылары және ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссиясының мүшелері қатысты.
ҚР ДСМ жанындағы салалық терминологиялық комиссиясының мүшесі – Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы «Клиникада қолданылатын анатомиялық терминдер», Астана медицина университеті филологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., доцент, ҚР ДСМ жанындағы салалық терминологиялық комиссияның мүшесі Д.Р Жарықова «Қазіргі медициналық оқулықтарда қолданып жүрген қысқарған сөздер қолданысы» тақырыптарында ой өрбітіп, сондай-ақ «Семей медицина университеті» КеАҚ м.ғ.к, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т.А. Назарова атындағы физиологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі С.О. Рахыжанова «Жоғары оқу орындарында медицина саласында қолданылатын терминдер мәселесі», «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Н. Әбдікәрім «Ұлттық коммуникативтік сана: медицина саласындағы қалыпты фразалар мен сөз тіркестері» және Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері, Орду университеті Ғылым және әдебиет факультеті Түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімі докторанты Қ. Қабай «Армян әліпбиімен жазылған «Философиялық тастың құпиялары» еңбегіндегі фармакологиялық терминология туралы» іс-шараның қатысушыларына маңызды ақпараттар берілді, сонымен қатар ф.ғ.м. Н.Зұлхайдарқызы «Санитариялық авиация саласындағы терминдерді аударудың негізгі қағидалары» тақырыбындағы баяндамасында санитариялық авиация жаңа бейін екенін және бұл жерде авиация, медицина, көлік, әуе жолдары терминдері ұштасатынын, жаңа терминдердің туындайтынын, оларды жинақтап, саралау қажеттілігін және Termincom.kz сайтында осы салаға қатысты терминдер жоқ екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушыларға мемлекеттік тілді жан-жақты қолдауға бағытталған күш жігердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін және салалық терминдерге қатысты практикалық семинар-тренингтерді жиі өткізу және терминдерді біріздендіруге мүмкіндік беретін медициналық терминология алаңын құру бойынша ұсыныстар жасалды.
Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу.
5 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тұғыры биік туған тіл» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шарада кардиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, терминолог, тіл жанашыры Мұхамбедия Ахмет-Төре Ахметов С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті қалыпты анатомия кафедрасының лекторы Бауыржан Шәкенов, Астана медицина университеті Филология пәндері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Дидар Жарықова және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Филология факультеті, Практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мейрамгүл Жұмәділова баяндама оқып, анатомиялық терминдерді біріздендіру, мемлекеттік тіл мәселесі, аударма жөнінде ой қозғады.
Шара барысында «Мемлекеттік тілді оқыту» бағдарламасы бойынша курсты аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге сертификаттар табысталды.
Мемлекеттік тілді ұлықтауға арналған шара соңында Астана медицина университетінің жас өнерпаздары Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ қалпы», Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңдерін оқып, «Ерке сылқым, «Балбырауын» әсерлі күйлерін тартып өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері «Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл – тірегім» тақырыбында әлеуметтік желілерде республикалық челлендж өткізіп, әлеуметтік желілерде жариялады.
2024 жылы 45 мемлекеттік қызметші қазақ тілі курсынан өтті. Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілі курсын табысты аяқтап, сертификаттар алды.
Бұдан басқа Министрлікте мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін кезең кезеңмен арттыру мақсатында 2024 жылғы мамыр, тамыз айларында 73 мемлекеттік қызметші, оның ішінде диагностикалық тестілеуге – 59, сертификаттық тестілеуге – 14 қызметші қатысып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері анықталды.
2024 жылғы 8 қарашада С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында «Терапия саласының қазақша терминдерін біріздендіру мәселелері» атты республикалық терминологиялық конференция өтті, аталған конференцияда 90-ға жуық терминдер қаралды.
Министрлік тілдерді дамыту мен қолдануды іске асыруды осы бағытта жалғастыратын болады және Тұжырымдаманың нәтижелі іске асырылуы Министрліктің тұрақты бақылауында.