Конференция қарары

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі,
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

 

«ТЕРАПИЯ САЛАСЫНЫҢ ҚАЗАҚША ТЕРМИНДЕРІН

БІРІЗДЕНДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» АТТЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ

ҚАРАРЫ

2024 жылғы 08 қарашада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің терминологиялық комиссиясының ұйымдастыруымен «Терапия саласының қазақша терминдерін біріздендіру мәселелері» тақырыбында республикалық терминологиялық конференция өткізілді.  Конференцияға А.Ә. Алдангорова, А.Ш. Тілесова, Ж.Б. Асанова, У.М. Датхаев, Ж.Б. Ахметов, Б.Ш. Шәкенов, М.Ж. Ерғазина, Т.Қ. Зайсанбаев, Ж.Ә. Байғараев,            Е.Қ. Сәлім, Ж.Т. Баубеков, М.М. Сабитбекова, А.Б. Раманкулова, А.Аманжолқызы,  Р.Р. Рахиев, С.Т. Капанов, С.О. Рахыжанова, Д.Р. Жарикова, С.С.Ибраева, Г.Е. Бегларова, Ф.М. Сулейменова, Е.Н. Дарменов, М.Ә. Маретбаева, А.Б. Мыржықбаева, М.С. Шілдебаев,  А.М. Моңғол,                          Н.С. Қойбағарова, С.Қ. Рахменшеев, С.Қ. Құлманов, А.Қ. Балапанова,                Н.С. Ахмад, М.М.Абаған, С.Х. Измайлова, Ж.Б. Есикбаева, жоғары оқу орындарының  және жоғары медицина колледждерінің  оқытушылары  мен денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары және қызметкерлері қатысты.

Конференцияның мақсаты және міндеті: терапия саласының терминдерін бірізділендіру мәселелері, ҒО, ҒЗИ терминологиялық комиссиялар және өңірлік ДСБ терминологиялық топтарын құру және олардың жұмыстарын үйлестіру. Терапия  терминдерін талқылау және бекітуге ұсыну, пысықтау, ұсыныстар жинақтау,  қазақ тіліндегі  тест жинақтарына, оқу, әдістемелік құралдарына талдау жүргізу.

 Конференцияны өткізу негіздемесі: «Денсаулық сақтау саласында медициналық терминология комиссиясын құру туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 02 тамыздағы №580 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР ДСМ 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №885 бұйрығының 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының             2-тармағы  және С.Ж. Асфендияров атындағы  ҚазҰМУ 2024 жылғы                        16 сәуірдегі №2526-09-03-01-22-08 хаты.

Конференцияға қатысушылардың  баяндамалары:

Балапанова Анар Қайыржанқызы - С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сот медицинасы курсы бар патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі, баяндама тақырыбы: «Профессор Ж.Б. Ахметов  қазақ тілді патологиялық анатомияның негізін қалаушы»;

Ахмад Нұргүлім Сағидоллақызы - С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, С.Р. Қарынбаев атындағы қалыпты анатомия кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к., доцент, баяндама тақырыбы: «Анатом, ұстаз, терминолог»;

Ахметов Жауғашты Байназарұлы - Баяндама тақырыбы «Қазақтілді медициналық терминологияның даму кезеңдері»;

Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы - Баяндама тақырыбы «Терапияның негізін қалайтын анатомиялық терминдерді біріздендіру мәселелері»;

Баубеков Женісбек Тәңірбергенұлы - «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ Терминологиялық комиссия төрағасы, баяндама тақырыбы: Университет терминологиялық жұмыс тобының атқарған істері мен мақсат-міндеттері;

Бегадилова Толқын Сембайқызы - С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ терминологиялық комиссиясының мүшесі, микробиология, вирусология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, баяндама тақырыбы: «Медициналық терминдерді біріздендіру жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу»;

Жарықова Дидар Рымжанқызы - Астана медицина университеті филологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., доцент, Астана медицина университеті терминологиялық комиссия төрағасы, баяндама тақырыбы: «Астана медицина университетіндегі терминологиялық топтың жұмыстары туралы»;

Ыспандияр Ақайұлы - М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, ф.ғ.д. баяндама тақырыбы: «Қазақ-орыс-ағылшын тілдеріндегі қарым-қатынас әдебі»;

Айнұр Аманжолқызы - «М.Оспанов атындағы БҚМУ» КеАҚ Қалыпты физиология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD, баяндама тақырыбы: «Ғылыми терминдердің қазақ тілі - ғылым тіліндегі біріздендіру мәселесі»;

Ыбыраева Сәлима Сайфуллақызы - Астана медицина университеті Қалыпты  физиология кафедрасының профессоры, м.ғ.к., баяндама тақырыбы: «Терапия саласындағы терминдерді біріздендіру жолдарын жетілдірудің өзекті мәселелері»;

Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы - ҚР ДСМ Терминологиялық комиссиясының мүшесі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Тілдік пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к., баяндама тақырыбы: «Жалғамалы тіл заңдылығы және қазақ тілінде термин қалыптастырудың мәселелері».

Конференция барысында Терапиялық терминдердің негізін құрайтын анатомиялық терминдерді біріздендіру жұмыстарын Халықаралық анатомиялық номенклатураға сәйкестендіре отырып шешу қажеттілігіне көңіл аударылды. Анатомиялық терминология бойынша халықаралық федерациялық комитеттің (FCAT-Federatie Committee on Anatomical Terminology) талабында «Басқа  тілдердегі анатомиялық терминдер, тек латын тіліндегі тізімге сәйкес жасалынуы қажет. Ағылшын тіліндегі эквиваленттер, ағылшын тілінің көп таралуына байланысты берілген. Ағылшын тіліндегі терминдер басқа тілдердегі терминологияға негіз болу қызметін атқара алмайды» - деп, атап көрсетілген. Көп жағдайда (барлық жағдайда емес)  қазақ тіліндегі көптеген тіркестік терминдердің орналасу реттілігін Халықаралық анатомиялық номенклатура негізінде, яғни, латын тіліндегі тіркестік терминдерінің орналасу реттілігіне сәйкес жасағанда, олардың - ағзалардың топографиясын және құрылымдық ерекшеліктерін дәл білдіретіндігі көрсетілді. Анатомиялық терминология бойынша халықаралық федерациялық комитеттің ( FCAT – Federatie Committee on Anatomical Terminology) талабын сақтау «Басқа  тілдердегі анатомиялық терминдер, тек латын тіліндегі тізімге сәйкес жасалынуы қажет. Ағылшын тіліндегі эквиваленттер, ағылшын тілінің көп таралуына байланысты берілген. Ағылшын тіліндегі терминдер басқа тілдердегі терминологияға негіз болу қызметін атқара алмайды » - деп, атап көрсетілген. Терминдерді  халықаралық анатомиялық номенклатура негізінде, яғни, латын тіліндегі тіркестік терминдерінің орналасу реттілігіне сәйкес жасағанда, олардың – ағзалардың топографиясын және құрылымдық ерекшеліктерін дәл білдіреді.

Конференцияға қатысушылардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріле келе, төмендегідей Қарар қабылданды:

  1. Қазақ тіліндегі медициналық терминдерді біріздендіру үшін медициналық университеттер, медициналық ғылыми-зерттеу институттары, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен денсаулық сақтау ұйымдарының терминологиялық комиссиялары мен жұмыс топтарының жұмыстарын өзара үйлестіру мақсатында, олардың арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету.
  2. Салалық терминдерді бірізділендіру барысында, олардың ғылыми түсінігін, дефинициясын ашу және салалық терминдерге лингвистикалық талдау жасау мақсатында сала мамандары мен филологтардың арасында байланысты жолға қою қажет.
  3. Әртүрлі бейінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін «Кәсіби медициналық қазақ тілі» және «Құжаттама жасау» курстарын өткізу арқылы ісқағаз жүргізу, салалық терминдерді дұрыс қолдану деңгейін арттыру.
  4. Медициналық терминология шеңберінде кәсіби әріптестікті нығайту мақсатында облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары жанынан Терминологиялық топтар құру және үйлестіруші тағайындау.
  5. Кәсіби медициналық қазақ тілі мамандарының біліктілігін жетілдіру бағдарламаларын әзірлеу және қолданысқа енгізу, сондай-ақ практикалық медицина саласындағы аталған мамандарға бейімделген  лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу және бекіту.

 

ақпарат
Дата публикации
27 января 2025