Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында
«Тіл - мемлекет тірегі және медицина саласындағы терминология» тақырыбында
дөңгелек үстел өтті
2024 жылғы 20 желтоқсанда РГП на ПХВ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында медицина терминдердің аударылу тәсілдері мен қолданысы, терминдерге тән талаптарды сақтау жөнінде тәжірибе алмасу мақсатында
«Тіл - мемлекет тірегі және медицина саласындағы терминология» тақырыбында республикалық деңгейде дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы мамандары, республикалық, өңірлік медициналық ұйымдардың, ұлттық орталықтардың тіл мамандары, жоғары медициналық білім беру ұйымдардың оқытушылары мен аудармашылары және ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссиясының мүшелері қатысты.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Алдангорова Айжан Әнуарбекқызы құттықтау сөзімен ашты, ол денсаулық сақтау жүйесінде тіл саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде мемлекеттік тілді қолдану мен кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
ҚР ДСМ жанындағы салалық терминологиялық комиссиясының мүшесі – Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы «Клиникада қолданылатын анатомиялық терминдер», Астана медицина университеті филологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., доцент, ҚР ДСМ жанындағы салалық терминологиялық комиссияның мүшесі Д.Р Жарықова «Қазіргі медициналық оқулықтарда қолданып жүрген қысқарған сөздер қолданысы» тақырыптарында ой өрбітіп, сондай-ақ «Семей медицина университеті» КеАҚ м.ғ.к, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Т.А. Назарова атындағы физиологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі С.О. Рахыжанова «Жоғары оқу орындарында медицина саласында қолданылатын терминдер мәселесі», «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Н. Әбдікәрім «Ұлттық коммуникативтік сана: медицина саласындағы қалыпты фразалар мен сөз тіркестері» және Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері, Орду университеті Ғылым және әдебиет факультеті Түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімі докторанты Қ. Қабай «Армян әліпбиімен жазылған «Философиялық тастың құпиялары» еңбегіндегі фармакологиялық терминология туралы» іс-шараның қатысушыларына маңызды ақпараттар берілді, сонымен қатар ф.ғ.м. Н.Зұлхайдарқызы «Санитариялық авиация саласындағы терминдерді аударудың негізгі қағидалары» тақырыбындағы баяндамасында санитариялық авиация жаңа бейін екенін және бұл жерде авиация, медицина, көлік, әуе жолдары терминдері ұштасатынын, жаңа терминдердің туындайтынын, оларды жинақтап, саралау қажеттілігін және Termincom.kz сайтында осы салаға қатысты терминдер жоқ екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушыларға мемлекеттік тілді жан-жақты қолдауға бағытталған күш жігердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін және салалық терминдерге қатысты практикалық семинар-тренингтерді жиі өткізу және терминдерді біріздендіруге мүмкіндік беретін медициналық терминология алаңын құру бойынша ұсыныстар жасалды.