Атырау облысында «Сөз қуаты шипа болар әр емге» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Ағымдағы жылғы 9 желтоқсанда Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Атырау жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен медицина саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «Сөз қуаты шипа болар әр емге» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараның алғашқы кезеңі жүректен шыққан шынайы сөздің дертке шипа екендігін дәріптейтін сахналық қойылыммен басталды.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Алдангорова Айжан Әнуарбекқызы құттықтау сөзімен ашты.
Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық терминологиялық комиссиясының мүшесі, терминология бойынша өңірлік үйлестіруші Мыржықбаева Анар Бейсенқызы тіл саясатын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде мемлекеттік тілді қолданудың және оны насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелге Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Абилова Алмагул Исламқызы, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуаныш Айгүл Базарбайқызы, Индер аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Хасанов Ұлықбек Мерғалымұлы және Жылой аудандық орталық емхананың мейіргері Хасанова Милана Ринатқызы қатысып, мемлекеттік тілдің медициналық ұйымдарында қолданылу сапасы, медицина бағытында қазақша контентті дамыту сияқты мәселелер қозғалып, дөңгелек үстел қатысушылары өзара пікір алмасты.
Іс-шара соңында өзге ұлт өкілдері болса да мемлекеттік тілді қолдануда белсенділік танытып жүрген Ұлықбек Мерғалымұлы және Милана Ринатқызы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
