С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында «Терапия саласының қазақша терминдерін біріздендіру мәселелері» атты республикалық терминологиялық конференция өтті
Министрліктің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №885 бұйрығының 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2024 жылғы 8 қарашада С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Жауғашты Байназарұлы Ахметовтың 80 жылдық және С.Р.Қарынбаев атындағы анатомия кафедрасының доценті Бауыржан Шәкенұлы Шәкеновтың 70 жылдық мерейтойларына орайластырылған «Терапия саласының қазақша терминдерін біріздендіру мәселелері» атты республикалық терминологиялық конференция өтті.
Конференцияда терапия саласының терминдерін талқылау, терапия саласының қазақ тіліндегі оқу құралдарына, тестілердің берілуіне және т.б. талдаулар жүргізу, медициналық ЖОО-лардың терминологиялық топ жетекшілері мен мүшелерінің атқарып жатқан жұмыстарының есептері қарастырылды.
Конференцияға Министрліктің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы, салалық терминологиялық комиссияның хатшысы Айжан Әнуарбекқызы Алдангорова, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Жанар Болатқызы Асанова, Республикалық «Қазақ әлемі» қоғамдық бірлестігінің президенті Мұхтархан Мамырбекұлы Абаған, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминологиялық орталығының жетекшісі, ф.ғ.к. Сәрсенбай Қуантайұлы Құлманов, ҚР ДСМ салалық терминологиялық комиссиясының мүшелері, сондай-ақ еліміздегі медициналық ЖОО-лар мен денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты.
Конференция барысында ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссияның және С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының төрағасы, патологиялық анатомия бойынша тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған оқулықтың авторы, медициналық терминдердің қалыптасуына ат салысып жүрген ҚазҰМУ профессоры Жауғашты Байназарұлы Ахметовтың еңбектерінің маңызы аталып өтті. Сонымен қатар қазақ тіліндегі анатомиялық терминдердің қалыптасуына ерекше үлес қосып жүрген ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссияның мүшесі, Денсаулық сақтау ісінің үздігі С.Р.Қарынбаев атындағы анатомия кафедрасының доценті Бауыржан Шәкенұлы Шәкеновтың еңбектері баяндалды.
Конференцияда терапия саласында шешімін таппай жүрген терминдер талқыланып, оларды біріздендірудің теориялық жақтары жан-жақты талқыланды. Сала мамандары, сарапшылар мен тіл мамандары бірлесе отырып терапия терминдерінің қызу талқыдан өткізді. Жас мамандардың белсенділігі профессорлар мен тәжірибелі оқытушылардың қолдауына ие болды.
Конференция соңында Терминологиялық комиссия мүшелері және медициналық терминдердің қазақ тілінде сөйлеуіне және оның мәртебесінің жоғарылауына зор үлес қосып жүрген денсаулық сақтау жүйесінің мамандары Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарованың бұйрығымен Салалық көтермелеу қағидаларына сәйкес және С.Асфендияровтың 135 жылдық мерейтойына орай мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
https://www.instagram.com/reel/DCHef7WouAg/?igsh=cXJ4ODF0NnprcTFh