«САПАЛЫ ҚҰЖАТ: ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТТАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ІСҚАҒАЗ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
2024 жылғы 7 қарашада Санжар Жапарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ұйымдастырған «Сапалы құжат: ұлттық стандарттарға негіздеген ісқағаз» атты республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталған республикалық жобаға Министрліктің бағынысты ұйымдары, атап айтқанда Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Қарағанды медицина университеті Республикалық қан орталығы, «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы және Алматы қаласы, Астана қаласы, Жетісу, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Абай, Павлодар облыстарының Денсаулық сақтау басқармаларына қарасты медициналық ұйымдар қатысты.
Жеңімпаз атанған ұйымдар:
«Үздік ғылыми-зерттеу ұйымы» - ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы;
«Үздік медициналық білім беру ұйымы»: үздік арнаулы орта медициналық білім беру ұйымы - Түркістан жоғары медициналық колледжі; үздік қосымша кәсіби білім беру ұйымы - Ұлттық нейрохирургия орталығы; үздік жоғары медициналық білім беру ұйымы - Қарағанды медицина университеті;
«Үздік амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйым»: І дәрежелі диплом - Абай облысы Семей қаласы №2 емханасы;
ІІ дәрежелі диплом - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №3 қалалық емханасы; ІІІ дәрежелі диплом - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №16 қалалық емханасы.
«Үздік стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйым» - Павлодар облыстық ауруханасы;
«Үздік жедел медициналық көмек ұйымы» - Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы;
«Үздік медициналық оңалту ұйымы» - Алматы қаласы ҚДСБ «Балаларды ерте оңалту орталығы» ШЖҚ КМК;
«Үздік қан қызметі»: І дәрежелі диплом - Республикалық қан орталығы; ІІ дәрежелі диплом - Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы;
ІІІ дәрежелі диплом - Абай облысы ДСБ «Облыстық қан орталығы» ШЖҚ КМК.
Конкурсқа өз ұйымдарының тиісінше деңгейде марапатқа ие болуына қолдау жасаған, мемлекеттік тілде құжатты дайындауға тікелей ат салысқан тіл мамандарына ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Алғыс хаттары табыс етілді: Орынбасарова Бақтынұр Әділқызы (Астана медицина университеті); Құдайбергенова Тұрсынгүл Мағидоллақызы (Батыс Қазақстан облысы «Облыстық кардиология орталығы» ШЖҚ КМК); Достояр Гүлбану Есенбайқызы (Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ КМК); Досхожаева Алмагүл Базарбайқызы (Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №5 қалалық емханасы); Ошағанова Нүрия Болатқызы (Жетісу облысы Сарқан аудандық орталық ауруханасы).
Бұл ретте үздік атанған ұйымдардың осы конкурсқа қатысуға ат салысқан үздік мамандарға 2 күндік ақысыз семинар-тренинг өткізіледі.
Сондай-ақ «Алау» оңалту орталығына Министрліктің атынан және барлық денсаулық сақтау жүйесі атынан алғыс білдіреміз. «Алау» оңалту орталығының ұжымы аталған іс-шара шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен тіл мамандары үшін «Құжаттама жасау және құжаттаманы басқару» атты семинар ұйымдастырды.
Конкурсқа қатысқан медициналық ұйымдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Министрлік ұжымы мен мамандарына, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшылығына зор ризашылығын білдірді.
