Тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасын орындау шеңберінде
«Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
2024 жылғы 2 қазанда Ұлттық нейрохирургия орталығында «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты медициналық мекемелерде мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері, қазақ тілінде медициналық терминдерді қалыптастыру жолдары, сондай-ақ саладағы нормативтік құқықтық актілерді қолдана отырып, аудармадан құжаттарды дайындауға көшу, оқыту әдістемесін Қазтест жүйесінің әдістемелік кешеніне сәйкестендіру, денсаулық сақтау жүйесінің мамандарына арналған сөздік минимум әзірлеу.
Іс-шараны «Ұлттық нейрохирургия» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қалиев Асылбек Бақытбекұлы құттықтау сөзімен ашты, ол бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік тілге көшуінің өзектілігін атап өтті, сондай-ақ Орталықта тіл саясатын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Дөңгелек үстел модераторы Абылхасанова Ельмира тіл саясатын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде мемлекеттік тілді қолданудың және оны насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының ведомстволық бағынысты ұйымдарының 28 маманы офлайн және 51 адам онлайн форматта, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК мамандары қатысты. ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Алданғорова Айжан Әнуарбекқызы өз сөзінде көтеріліп отырған мәселенің ауқымдылығын, өзектілігін, туындаған мәселені шешу жолдарында кездесетін қиындықтарға тоқталып өтті.
Дөңгелек үстел барысында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ жетекші маманы Абирова Жанар Тұрсынқызы, «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» баяндамасында Орталықтағы тілді дамытудың жай-күйі мен оқыту әдістемесімен бөлісті, ҚР ДСМ Терминология комиссиясының мүшесі, сарапшы-дәріскер Мыржықбаева Анар Бейсенқызы «Кәсіби қазақ тілі курстарын ұйымдастыру» баяндамасында өзі әзірлеген әдістемесімен бөлісіп, қызу пікірталас туғызды. Л.Н. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университетінің доценті Жұмадилова Мейрамгүл Нұрмағамбетқызы «Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу барысында кездесетін тілдік қиындықтар», Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ Тілдерді оқыту және әдістемелік жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Жүнісова Салтанат Ермекқызы «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету» тақырыптарында ой өрбітті. С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ доценттері Зайсанбаев Төлеубек Қызтаұлы, Қожахметова Фарида Бақытжанқызы «Қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыру жолдары» тақырыбында қатысушыларға маңызды ақпараттар берілді.
Іс-шара барысында Орталықтың тіл маманы Меруерт Бауырбекқызы Мирзагелдиева медицина ұйымдарындағы іс құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуінің оң шешілуі жолдарын, қазіргі таңда аудармадан сараптауға көшудің жалғасқанын, тәжірибе алмасудың, біліктілік арттырудың қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушыларға мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды, сондай-ақ аталған іс-шараға қатысушылар дөңгелек үстелдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, іс-шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді.


