ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ ҚАЗТЕСТ ЖҮЙЕСІНІҢ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТТАҒЫ СЕРТИФИКАТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ АПРОБАЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
2024 жылғы 27 маусымда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ҚАЗТЕСТ жүйесінің электрондық форматтағы сертификаттық тестілеуі апробациясы өтті.
Мұндай форматта алғаш рет ұйымдастырылған тестке Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының және басқа да жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының (Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Республикалық қан орталығы, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК, №5 қалалық емхана, «Алау» балаларды оңалту орталығы) жауапты мамандары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері белсенді қатысты.
Тестілеу тыңдалым (20 тапсырма), оқылым (40 тапсырма), жазылым (2 тапсырма), айтылым (2 тапсырма) бөлімдерін қамтыды.
Іс-шара барысында қатысушыларға ҚАЗТЕСТ жүйесі және оның перспективасына жан жақты тоқталып, маңызды ақпараттар ұсынылды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласының мамандары ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша индикаторлар Министрліктің 2023 жылғы 20 қарашадағы №685 бұйрығымен бекітілген Іс-қимыл жоспарының нысаналы индикаторлары, соның ішінде 2,3-нысаналы индикаторларында көзделгенін атап өтті.
Денсаулық сақтау және әскери сала мамандары тест тапсырмаларының мазмұны мен сапасына өте жоғары бағаларын бере отырып, ҚАЗТЕСТ ұжымының жұмысына табыс тілеп, зор ризашылығын білдірді.

