Алматы қаласында «Құжаттама жасау және құжаттаманы басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті

 

Алматы қаласында «Құжаттама жасау және құжаттаманы басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті

 

             2023 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Алау» оңалту орталығының ұйымдастыруымен «Құжаттама жасау және құжаттаманы басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық  сақтау министрлігінің
2023 жылғы 09 ақпандағы №87 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 23-тармағын орындау шеңберінде ұйымдастырылды.

Спикерлер: ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Алдангорова Айжан Әнуарбекқызы;  ҚР ДСМ Терминология комиссиясының мүшесі, сарапшы Мыржықбаева Анар Бейсенқызы.

Семинардың мақсат-міндеттері: медициналық ұйымдар басшылары мен қызметкерлерінің құжаттама әзірлеу мәдениетін дамыту; құжаттама жүргізу және басқару сапасын арттыру; қазақ тілінің денсаулық сақтау саласындағы терминологиялық қорын жүйелендіру; тіл мамандарының кәсіби білімін жетілдіру.

Кәсіби диалог барысында өңірлердегі ісқағаз жүргізу мәселесі сараланды, сонымен қатар түрлі бағытта жұмыс атқаратын мамандарға аталған тақырыпта презентация жасалып, медициналық ұйымның құжаттама тізбесін қалыптастыру, заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізу, Ұлттық аккредиттеу стандарттарына («Басшылық», «Ресурстар», «Қауіпсіздік», «Пациент» тараулары) сәйкес құжаттар әзірлеу бойынша ақпарат берілді.
Сондай-ақ Істер номенклатурасы, құрылымдық бөлімше туралы ереже, лауазымдық нұсқаулықтар, медицинадағы қауіпсіздік кодтары сияқты құжаттардың үлгілері қарастырылды.

Білім жетілдіру семинарына ҚР Денсаулық министрлігіне бағынысты ұйымдардың Ұлттық нейрохирургия орталығы, Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь, Астана медицина университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Семей медицина университеті, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты және басқасы), сондай-ақ Астана қаласы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары денсаулық сақтау басқармалары мен бағынысты ұйымдарының 150-ге жуық қызметкері қатысты.

Қатысушылар семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Министрлік басшылығына, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.

 

 
 

 

Ақпарат
Дата публикации
01 декабря 2023