Жамбыл облысында «Ахмет Байтұрсынұлы – тіл мұрасы» медициналық колледждер арасында республикалық байқау өтті
13 қазан күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл жоғары медициналық колледжінің базасында «Ахмет Байтұрсынұлы – тіл мұрасы» медициналық колледждер арасында республикалық байқау өтті.
Республикалық байқаудың негізгі мақсаты: жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақынның өз заманындағы саяси-қоғамдық көзқарасын таныту. Ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу. Ақын өмірін студенттерге үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас сарапшысы Бәкірова Назгүл Серікқызының құттықтау сөзімен ашылды.
Байқау 3 кезеңнен тұрды. Байқауға Талдықорған, Шымкент, Алматы, Түркістан, Ақтөбе қаларынан келген 9 студент қатысты. Байқаудың алғашқы кезеңі «Амандасу – салтымыз» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар өздерін таныстырды. Ұпай сандары 1-5-ке дейін бағаланды.
Бірінші кезең бойынша тіл байлығына, сөйлеу мәнеріне, дауыс ырғағына, тақырыпты аша білуіне назар аударылды.
Екінші кезең «Өнерлі өрге жүзер» деп аталды. Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері мен мысалдарын немесе Алаш зиялыларының өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Осы кезең бойынша шығарманың сөздерін анық және тіл табиғатын сақтап жеткізу, дауыс ырғағына, өзін ұстау мәнері, әртістік қабілеті, жатқа оқуы және де әуеніне назар аударылды.
Үшінші «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» кезеңінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына, Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңына қатысты сұрақтарға жауап берді. Әр қатысушы 3 ұяшық таңдады, бір сұраққа бір минуттан берілді.
Сонымен қатар іс-шараға «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі «Жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Момбекова Гульмайра Асанқызы, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ахметова Мөлдір Ануарбекқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Тұрлыбек Аслан Еділханұлы, «Мұғалім жаршысы» газеті, «Педагог мәртебесі» журналының бас редакторы Усенова Ғалиябану Бейсенқызы қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, «Талдықорған жоғары медициналық колледжі» Мамедов Мамед Мустафаевич 1 орын иеленсе, Шымкент қаласы, «Шымкент жоғары медициналық колледжі» Чжен Тамирис Сергеевна 2 орын, Түркістан қаласы, «Түркістан жоғары медициналық колледжі» Бекова Надра Фахритдинқызы және Алматы қаласы, Алмалы ауданы, «Интердент» колледжі Имитова Ясмина Пархатжановна 3 орынды иеленді. Өзге байқау қатысушылары ынталандыру сыйлықтары және алғыс хаттармен марапатталды.




